Атырау облысында аудандық әкімдік көшетті өз бағасынан үш есе қымбатқа сатып алмақ болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Атырау облыстық департаментінің (Антикор) баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бұл мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг барысында анықталды.
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің еріктілері мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізді. Талдау барысында Мақат ауданы әкімінің аппараты көшет сатып алу бағасын үш есеге көтергені анықталды. Әр түп көшетті 15 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Көшеттің нарықтағы бағасы – 5 мың теңге. Ал, аудандық әкімдік бұл мақсатқа 1,5 млн теңге бөлген», - делінген хабарламада.
Еріктілер аталған деректі тиісті іс-шара қабылдау үшін облыстық департаментке жолдаған. Ал, департамент Мақат ауданы әкімінің аппаратына мемлекеттік сатып алуды қайта қарау туралы ұсыныс берді. Соның нәтижесінде көшет сатып алуға қатысты жарияланған лот жойылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА