Атырауда 45 сұлулық шебері оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификат алды.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы «Мен кәсіпкермін» жобасы аясында «Бет әрлеуші» және «Шаштараз» курстарын ұйымдастырды. Он күндік қысқа мерзімді курстар «Ғасыр» оқу орнының базасында өтті. Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы осы білім беру мекемесімен кадрларды даярлау бойынша бірінеше жылдан бері ынтымақтасып келеді. «Бет әрлеуші» курсында нәзік жандылардың 25 өкілі, «Шаштараз» курсында 20 әйел оқытылды. Олар қала мен аудандардан келген әр түрлі жастағы әйелдер. Олардың барлығы сұлулық саласында өз бизнесін құруды армандайды.
- Бұл «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының» үшінші бағыты аясында осы жылғы ұйымдастырылған оқытудың төртінші және бесінші легі. Бұған дейін біз SMM маманы, тігінші, кондитер-аспаз сияқты мамандықтар бойынша оқыту жүргіздік. 100-ден астам әйел тиісті сертификатқа ие болды. Жыл соңына дейін қыш, керамика бойынша курстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис ЖАРМҰХАНБЕТОВА.
«Шаштараз» курсының тыңдаушылары арасында Атырау қаласының тұрғыны Фазила ҚУАНЫШҚАЛИЕВА бар. Үш баланың анасы кәсіби шаштараз болуды және өзі үшін жұмыс істеуді армандайды.
- Маған шаштараз мамандығы бала кезімнен ұнайды. Алайда, басқа мамандық бойынша жұмыс істедім, он жыл бұрын ол жерден өз еркіммен кеттім. Балаларым өскен соң, курсқа қатысуға шешім қабылдадым. Көпшілігіміз оқуды нөлден бастадық, ал қазір бізде қажетті дағдылар бар. Өз ісін ашуды армандайтын көп балалы аналарға, жұмыссыздарға, бала күтіміндегі әйелдерге осындай қолдау көрсеткені үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді, - деді Ф.Қуанышқалиева.
Айта кету керек, «Мен кәсіпкермін» жобасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының» үшінші бағыты аясында нәзік жандылар жаңа мамандық бойынша тегін оқытудан өтіп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен іс-шараларға қатысу үшін бірқатар қызметтер ала алады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА