Атырау жолдарындағы күрделі ахуал жыл соңына дейін қала бермек. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің біздің басылымның сауалдарына берген жауаптары негізінде осындай қорытынды жасауға болады.
Жаздан бері жөндеу жұмыстарына байланысты Азаттық даңғылындағы жол учаскелері – «Ақ Жайық» қонақүйінен ЕМГ кеңсесіне дейін, Құлманов бойынша – Бигелдинов көшесінен Худин көшесіне дейін, Молдағұлова көшесі бойынша – Гагарин көшесінен Бейбарыс даңғылына дейін және Сырым Датов көшесі бойынша Уәлихановтан Канцев көшесіне дейінгі учаскелер жабылды. Осыған байланысты автобустардың бағыттары өзгертіліп, көрші көшелерде көлік легі көбейіп, көлік кептелісі пайда болды. Құрманғазы мәдениет үйінің жанындағы учаскеде жөндеу жұмыстарының басталуы және Жилгородок көпірінің жабылуы бұл ахуалды қиындата түсті. Оқу жылы басталған кезде жолдағы көрініс қорқынышты кейіпке еніп үлгерді.
Қала тұрғындарының бұл сылбырлыққа жолшыларды кінәлауы орынды: жабылған жол учаскелері шағын ғана, оны жазда жөндеуге уақыттары жеткілікті болды. Әрине, жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталып, көлік қозғалысы қашан қалпына келеді деген сауал жұртты алаңдатып отыр.
«Кварталдық жылу жүйелерінің құбырларын ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстардың жүргізілуіне байланысты 2023 жылдың 8 қыркүйегі мен 2023 жылдың 10 қыркүйегі аралығында жол көпірі көлік қозғалысы үшін толығымен жабылады. Ірі көлемді көліктерге өту мүмкін болмағандықтан, жолаушылар көлігінің қозғалысы Сәтпаев даңғылы бойымен баламалы бағыт бойынша ұйымдастырылған.
№1 және 30 маршруттардың қозғалыс сызбалары өзгертілді. Жұмыс жеделдетілген қарқынмен жүргізіліп жатқанын ескере отырып, көпір бойымен әдеттегі бағыт бойынша жолаушылар көлігінің қозғалысы 23 қыркүйекте қалпына келтіріледі. Жеңіл көлік құралдарының қозғалысына шектеу жоқ.
Бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы маңында Әуезов көшесінің бойындағы ұзындығы 80 м болатын учаскеде жол құрылысын жүргізу жұмыстары 23 қыркүйекке дейін жоспарланған», - делінген ТКШ бөлімінің жазбаша жауабында.
Көпірдегі көлік қозғалысына қатысты жөндеу жұмыстарын балалар мектепке баратын қыркүйек айында бастау туралы шешімнің қабылдануы да қала тұрғындарын абыржытып тастаған еді. Өйткені, көпірдің жабылуы жолдардағы (оқу жылының басталуына байланысты) онсыз да шиеленіскен жағдайды нашарлатып жібереді.
- Бұл аудандағы жұмыстар қысқы маусымға дайындық мақсатында кварталдық жылу жүйесін ауыстыру бойынша жоспарланған жұмыстарды ескере отырып жобаланған, - деп түсіндірді ТКШ.
Басқа учаскелерге келетін болсақ, ресми ақпаратқа сәйкес, Азаттық даңғылын қайта жарақтау аясында жол құрылыс жұмыстары 12 шілдеде, С.Датов көшесінде - 5 тамызда, Құлманов көшесінде (Бигелдиновтен Худин көшесіне дейін) – 10 тамызда басталған. Шілденің ортасында Құлманов учаскесінің жабық болғаны есімде.
Азаттық, Датов, Әуезов бойындағы автомобиль жолдарын қайта жарақтау аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС жүргізуде. Құлманов көшесіндегі жолдарды орташа жөндеу бойынша мердігер – «Маңғыстау жол құрылыс материалдары комбинаты» АҚ.
Азаттық даңғылы, Датов, Әуезов көшелерінің бойындағы автомобиль жолдарын қайта жарақтау жобаларын жүзеге асыру құны 12,12 млрд теңге. Құлманов көшесіндегі көлік жолдарын орташа жөндеу аясындағы жұмыстарды аяқтау үшін 793,1 млн теңге қаражат бөлінді.
Әуезов көшесі, Азаттық даңғылындағы көлік жолдарын қайта жарақтау және Құлманов бойындағы көлік жолын орташа жөндеу 2023 жылдың соңына дейін, Датов көшесіндегі жол 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА