Қызылқоға ауданы Сағыз ауылдық округінің Кенбай елді мекеніндегі бастауыш мектептің жалғыз оқушысы көрші ауылдағы мектепке ауыстырылды, ал мұғалімдер Атырау мен көрші аудандардан жұмыс тапты.
Еске салсақ, 2022-2023 оқу жылында бұл мектепте екі-ақ оқушы оқып шықты. Оның біреуі 4-сыныпты аяқтаған. Екіншісі 3-сыныпқа көшті. Ол өзі жалғыз қалған соң облыстық білім беру басқармасы мектепті жабу туралы шешім шығарған. Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВАНЫҢ айтуынша, екі мұғалім Атырау қаласына, үшіншісі Доссор ауылындағы мектептерге жұмысқа орналасқан.
- Ал тағы бірі ауданда жұмыс ұсынылғанымен, қаладан жұмыс іздейтінін айтты. Қалған екі мұғалімге аудан мектептерінен келісіміне қарай жұмыс ұсынылады, - деп хабарлады Э.Тұңғатарова.
Жабылған мектеп туралы айта кетсек: 2021 жылы оған 740 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектептің терезесі, ішкі есіктері, электр желісі ауыстырылды. Биыл мектепті қаржыландыруға 32 млн 769 мың теңге қаржы қаралған. Оның ішінде қызметкерлердің жалақысы 26 млн 566 мың 200 теңгені құрайды.
Айнұр САПАРОВА