Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC кеңсесінде тағы бір жанжал шықты. компанияның бір топ қызметкері облыстық прокуратураға ұжымдық арыз жазды.
Сенбейтін шығарсыздар, бірақ бұл жерде де Нигерия азаматы басты рөлде. Редакция форматы болмаса, бұл жерге күліп тұрған смайлик қойған орынды болар еді. Неліктен тағы да деп отырмыз? Өйткені былтыр қарашада тағы бір нигериялық азамат қазақтың жемқорлығын жою мүмкін еместігі туралы ойланбастан айта салған еді («Сіздің пікіріңіз – сыбайлас жемқорлықтың қазақ мәдениетімен байланысы қандай?»).
Көптеген елдер үшін зиянды қылмыстық тәжірибені зерттеуші қазақтар арасындағы жемқорлықтың жоғары дәрежеде болуы қанында, іс жүзінде этномәдени ерекшеліктерінде екенін айтты. Қазақтар шетелдіктің байқағыштығын кешірмей, ананонимді түрде, бірақ қатты ашуланып, сол жиналыстың мазмұнын журналистке жеткізді. Жарияланымнан кейін көп ұзамай сыбайлас жемқорлыққа қарсы болған нигериялық азаматпен қоштасты. Сөйтіп НКОК компаниясының жергілікті азаматтығы бар қызметкерлері бір жеңілдеп қалған еді. Бірақ мұнымен бітпеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқа бір күрескер, тағы да Африка тумасы бұл мәселені қайта көтерді.
Облыс прокуроры Б.Жұмақановқа жүгінген консорциумның қазақстандық қызметкерлері «Іскерлік әдеп және нормаларға сәйкестік бөлімінің (бұдан әрі – ІӘжНСБ) шетелдік маманы О.А.Д. мен оның бұрын NCOC-та жұмыс істеген бастығы, Нигерия азаматы С.О.» тарапынан заң бұзушылыққа жол берілгеніне, олардың NCOC мердігер компанияларымен қарым-қатынаста сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы бар деген негізсіз айыптауларына шағымданады.
Шағымданушылардың растауынша, 2021 жылдан бері олардан тұрақты түрде «жауап алулар» жүргізіліп, шетелдік мамандар жергілікті қызметкерлерге «күдіктілер тізімі» бар деп, тұспалдап қысым көрсетеді екен.
«Жауап алу кезінде ІӘжНСБ мамандары негізсіз әрі себебін көрсетпей, ұялы телефондар мен ноутбуктерден деректерді жүктеп алуға мүмкіндік беретін арнайы жабдықты пайдаланады. Олар дөрекі түрде және зілді үнмен гаджет қызметкердің жеке меншігі болса да, сол жерде қызметкердің ұялы телефонын тартып алып, USB кабелі арқылы SIM карта мен ұялы аппараттың ішіндегі нәрсенің бәрін сканерлейді. Ал бұл заңсыз әрекет. Бұл әдісті қызметтік ноутбуктерге де қолданады. Айта кету керек, мұндай жабдық тек құқық қорғау органдары қадағалау органының рұқсатымен ғана пайдаланылады, ал НКОК-та мұны шетелдіктер ҚР азаматтарына қатысты қолданады. Мұндай қорлау әрекеттерінің себебін де түсіндірмейді.
Жауап алуға шақырылған және азаматтық құқықтарын жақсы білетін кейбір ұлттық қызметкерлер жеке телефондарын беруден бас тартты. Мұндай жағдайларда ІӘжНСБ қызметкерлері өздеріне бұл телефондарды сканерлеу үшін беруге мәжбүрлейді. Нәтижесінде жауап алынушы адам тек SIM картасын шығарып береді. Бірақ кейін сканерленген SIM картасын жеке мобильді құрылғысына салған кезде WhatsApp қосымшасының тіркеулік жазбасына кіруге әрекет еткенін байқады.
Тағы бір қызметкер құрылғы мен SIM картасын сканерлегеннен кейін кибералаяқтықтың құрбанына айналды.
Осылайша, қазақстандық қызметкерлер шетелдік әріптестерінің қорлау әрекеттерін бастан кешіріп қана қоймай, оларға мемлекет кепілдік берген жеке деректерінің қорғалуына қатысты қауіп төніп тұр.
Сонымен қатар, жеке деректердің қорғалуына нұқсан келтіріп қана қоймай, қызметкерлердің жеке өміріне араласу, атап айтқанда, олардан отбасы құрамын, жақын туыстарының қызметін, NCOC-тағы қызметімен байланысты емес өз бизнесінің және басқа да кіріс көздерінің бар-жоғын сұрастырады.
Шетелдік ІӘжНСБ қызметкерлерінің әрекеттері іс жүзінде құқық қорғау органдары ғана жүзеге асыра алатын жедел-іздестіру іс-шараларын заңсыз жүзеге асыру болып табылады, ал ІӘжНСБ мамандары жауап алынған қызметкерлердің ізін аңдудан тартынбайды, яғни шын мәнінде олар жеке ізге түсумен айналысады.
Бұған қоса, ІӘжНСБ қызметкерлері бопсалау арқылы қазақстандық NCOC қызметкерлерінің беделін түсіретін айғақтарды талап етіп, мердігерлерге теңдессіз қысым көрсететіні байқалады. Қазақстандық қызметкерлердің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін айғақтарды бермесе, мердігерді «NCOC-тің қара тізіміне» енгізіп, келісімшартты бұзамыз деп қорқытады.
Азаматтық және конституциялық құқықтарды айқын, мақсатты, жүйелі түрде бұзу, ұлтына қарай кемсіту, ҚР азаматтарына қысым көрсету орын алуда. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147, 148, 399-баптарымен жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, кінәлі тұлғаларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартуыңызды сұраймыз».
NCOC әртүрлі «сенімсіз» тізімдерді құрастырғанды ұнататын сияқты. Компанияның мердігерлерінің айтуынша, жеткізушілердің «қара тізімі» бар екенін біз жоғарыда айттық. Қызметкерлердің айтуынша, «кеңсе» олардың да үстінен жазып жатыр екен.
Облыстық прокуратура қазақстандық бес қызметкердің атынан түскен арыздар тіркеліп, қаралып жатқанын растады.
Біз заңгерден арызданушылардың әріптестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауға қандай мүмкіндіктері бар екенін сұраған едік.
– Қылмыстық заңда адамның жеке өмірі туралы оның келісімінсіз жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын мәліметтерді заңсыз жинағаны үшін жауапкершілік көзделген. Егер жұмыс беруші қызметкерлердің телефондарынан ақпаратты мәжбүрлеп жүктеуге жол берсе, онда жеке тұлғалардың хат-хабарларының, телефон әңгімелерінің және хабарламаларының құпиялылығын, қызметтік жағдайы мен арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып бұзған деуге де болады. Мұндай әрекеттер, әрине, заңсыз және құқық қорғау органдары бұл фактіні СДТБТ-не тіркеп, қылмыстық істі тергеуге міндетті, - дейді адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ. – Мұндай әрекеттер үшін салдары мен басқа да жағдайларға байланысты ірі мөлшердегі айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы секілді жауапкершілік қарастырылады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА