Атырау, 16 қазан 11:42
 ашықВ Атырау +17
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

«Ерлер ұсақталып бара жатыр»

2 387 просмотра

Көктемгі әскери шақыру науқаны жалғасуда.   Махамбет ауданы бойынша биылғы жылдың көктемгі шақырылымында 200-ге тарта бозбала медициналық тексерістен өтіп жатыр.   

Cолардың ішінде денсаулығы бойынша әскерге жарамды деген кем дегенде 50 жігіт әскер қатарына аттануы тиіс. Ал статистикаға сенсек, қазір аудан бойынша 17-24 жас аралығындағы 1732 бозбаланың бары анықталып отыр.   

- Әрине, оның 236-сы отбасы жағдайына байланысты, 500-і күндізгі бөлімнің студенттері, 70-і үйленген, 30-ы сотталған, 50-і  –  бар болғаны тек 17 жаста және тағы да басқа сол секілді себептер бар. Есірткіге еліткендер де әскерге бармайды. Десек те, медициналық тексеру кезінде әскерге жарамсыз екенін естіген кейбір жастар өкініп те жатыр, - дейді Махамбет аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Есім МҰРАТОВ.

-Медициналық тексеру барысында жастардың арасында көбіне қандай ауру белгілері кездеседі?

-Көбінесе бойлары қысқа, салмақтары артық болып келеді. Одан басқа, жүрек соғысының ақауы, майтабан бар, сондай-ақ, көпшілігінің тістері жарамсыз. Тағы бір қынжылтатын нәрсе, соңғы жылдары бозбалалардың дене бітімі ұсақталып бара жатыр, кішкентай. Бұл неден десеңіз, мүмкін, тамақтану, болмаса экологиялық ахуалдың жайсыздығынан болар? Ал мүмкін, жастардың спортпен айналысып, күш-қуатты талап ететін еңбек етудің орнына таңертеңнен қара кешке дейін компьютер мен теледидардың алдына байланып отыруынан да болар? Қазірдің өзінде медициналық тексерудің бастапқы кезеңінде-ақ 22 адамның денсаулықтарынан кінәрат табылды. 

-Әскерге шақырылғандарға берілетін психологиялық тест жайында не айтасыз?

- Өкінішке орай, осы тестіден өту жастарға оңай соқпауда. Сұраққа түсінбейді, олардың жауабында нақтылық жоқ. Бұл тестіден алдында он баланың екеуі өте алмады.   

- «Арқан-Керген» секілді кейбір қайғылы оқиғалардан кейін жастардың арасында әскерден бас тартқандар кездесті ме?

- Мұндай жағдай есімде жоқ. Рас, әскерге шақырған кезде кейбіреулердің жұмыста, болмаса оқуда болуына байланысты кешігушілер болады. Ал қашу, жоқ, ондай кездеспепті. Әскери борышын өтеуге қатысты қазір өзгерістер болып жатыр ғой. Қалай болғанда да әскерге барған жастар мен бармағандар арасында айырмашылық көп. Әскерде жауапкершілік, өз міндетін дұрыс ұғу, тәртіптілік – осындай қасиеттерді бойларына сіңіріп қайтады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз еркек болып оралады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.