Атырау, 27 қараша 09:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау спортшылары екі айдан бері жалақысын ала алмай жүр

1 293 просмотра
Сурет: freepik.com 

Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайтын спорт клубтарының қызметкерлері екі айдан бері жалақыларын ала алмай келеді, басқарма тарапынан қаржыландыру тоқтап қалған.  

«Бейбарыс-Атырау» хоккейден облыстық мамандандырылған спорттық клубының бас есепшісі Айбат ҚҰБАЕВ тек спортшылар ғана емес, клуб директорынан бастап жаттықтырушылар, медқызметкерлер мен техникалық қызметкерлер де жалақы алмағанын жеткізді. Қазір олардың әрқайсысы әр жерден қарызға ақша сұрап, күнелтіп отыр. 

«Біз қазір жоспарда тұрған Өскеменде 11-12 қыркүйек күндері өтетін ойынымызға баруға да ақша таппай отырмыз. Жолаушыларды тасымалдаушы компаниядан билеттерді қарызға беруді сұрап жатырмыз. Сол Өскемен қаласындағы қонақ үйлермен де келіссөз жүргізе бастадық. Олар осы уақытқа дейін келісіп келді. Бірақ, билет пен қонақ үйдің ақысын енді төлемесек, бізге бас тартады», - дейді есепші.

«Атырау» футбол клубының директоры Эрнис ЕСМАҒАМБЕТОВ те жалақыға ақшаның демеушілікпен төленгенін растады.

«Бәрі де балаларын оқу жылына даярлауы керек, көбі несиесін төлей алмай отыр. Жалақы төлеу біздің жауапкершілігіміз болғасын демеуші таптым. Ал жалақысы нормадан жоғары футболшылар мен жастар және ересектер командасының жаттықтырушыларына әлі төлемедік. Олар келгенде не айтарымды білмеймін...», - дейді Э.Есмағамбетов.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Сайрагүл ТҰРЖАНОВА қаржыландырудың тоқтап қалуы басқарма атауының өзгеруіне байланысты деп түсіндірді. Оның мәліметінше, Атырау облысы әкімдігінің 29 маусымдағы «Кейбір мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру туралы» қаулысына сәйкес, «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» және «Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы» біріктіріліп, «Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы» болып қайта құрылды. Мұндай қаулы биыл 24 мамыр күні Атырау облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген Атырау облысының басқару сызбасына байланысты шығарылған.

«Басқарманың атауы өзгерген соң бірыңғай бюджеттік жіктелімде спорт және туризм коды болмауына байланысты қаржыландыру тоқтатылған. Бірыңғай бюджеттік жіктелімде кодты енгізу ұзақ уақыт алуына байланысты қаржыландыруда мәселе туындады. Бізге қаржыны тез арада бөлу қажет болды, сол себепті басқарманың бұрынғы атауына қайта көшу керек деп шештік», - дейді баспасөз хатшысы.

Сөйтіп Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ арада бір жарым ай өткен соң, 21 тамыз күні басқарма атауын «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» деп өзгерту туралы қаулы шығарады.

С.Тұржанованың айтуынша, қазіргі уақытта басқармаға қарасты 10 спорттық клубтан, атап айтқанда, футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, кіші аяқ добы, үлкен теннис, ұлттық спорт түрлері, мүгедектер спорт клубы, су спорты түрлері, олимпиадалық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінен өзге мекемелер толықтай қаржыландырылды. Баспасөз қызметінің өкілі аталған он клубтың қаржы мәселесі келер аптада шешіледі деп отыр.

Биыл Атырау облысы бойынша спорт саласына 18 млрд 132 млн 46 мың теңге бөлінген. Оның ішінде кәсіби спортты қаржыландыруға - 6 млрд 807 млн 756 мың теңге.

Атырау облысы футбол құрама командасының қызметін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд 344 млн теңге бөлінген. 2021 және 2022 жылдары да дәл осы сома көлемінде қаржы бөлініп келген. 

Атырау облысы шайбалы хоккей құрамасы командасының қызметін ұйымдастыруға 871 млн теңге бөлінген. 2022 жылы 952 млн теңге бөлінсе, 2021 жылы 896 млн теңге бөлінген.

Айнұр САПАРОВА

7 қыркүйек 2023, 14:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.