Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жалдамалы тұрғын үйлер сатып алу көзделіп отыр. Бұл үшін республикалық бюджеттен 153,6 млн теңге, облыстық бюджеттен 134,4 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілқайыр БЕСБАЙҰЛЫНЫҢ айтуынша, Мақат ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі - баспана болғандықтан, жергілікті әкімдік тарапынан оны шешудің әртүрлі жолдары қарастырылып отыр.
- Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген тәртіппен белгіленген санитариялық-эпидемияологиялық және техникалық талаптарға сәйкес келетін бір пәтерлі және бұғатталған аз қабатты тұрғын үйлерді, көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерді бастапқы нарықта жалға берілетін тұрғын үй үшін сатып алуға жол беріледі. Тұрғын үйлерді жыл соңына дейін сатып алып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырамыз, - деді ол.
Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және отбасының әрбір мүшесіне соңғы алты айдағы жиынтық орташа айлық табысы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1 еселенген мөлшерінен төмен халықтың әлеуметтік осал топтары жалдамалы тұрғын үйдің нысаналы аудиториясы болып есептеледі.
Айта кетейік, аумағы 80 шаршы метрден кем болмауы тиіс баспаналардың сегізі Мақат кентінен, қалған сегізі Доссор кентінен болмақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА