Атырау, 29 қыркүйек 08:32
 ашықВ Атырау +25
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Айнагүл Дүйсекенова: «үш ауысым» 2025 жылға дейін жойылады

874 просмотра

Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы, қала мектептеріндегі қауіпсіздік шаралары мен білім сапасы туралы.

Атырауда жаңа оқу жылында 64 мектеп оқушыларға есігін ашқаны белгілі. Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, биыл қалада 5 мектеп  күрделі жөндеуден өткен. 8 мың оқушыны қабылдайтын екі БИНОМ мектебі ашылса да, биыл үш ауысымды мектептер саны әлі сол күйінде. 11 мектеп қолайсыз режимде оқушыларды бұрынғыша қабылдады.

Авангард ықшамауданындағы №3 мектеп-гимназия оқушыларының ата-аналары редакцияға шағымданды:

- Сабақ сағат 16:00-де басталып, 20:00-де аяқталады. Балалар үйге келгенше қараңғы түседі. Оларға қауіпті, өйткені бәрінде бірдей көлік жоқ. Оның үстіне демалудың орнына үй тапсырмасын орындауға мәжбүр болады. Күні бойы баласымен үйде отырып, үй тапсырмасын орындауға көмектесуге ата-ананың бәрінің мүмкіндігі бола бермейді. Бұл балаларды да, ата-аналарды да мазақ ету! - дейді наразы болған ата-аналар.

Ата-аналардың наразылығына №3 мектептің басшылығы түсініктеме берді: «Биылғы оқу жылында біздің мектепке 19 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныптары келіп отыр. Ол мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондықтан бастауыш сыныбына бізден 9 кабинет бөлінді. Сол себепті кабинет жетіспеушілігі туындап, бастауыш сыныптарымыз 3 ауысымда оқып жатыр. 19-мектеп те үш ауысымда оқиды. Сабақтар 40 минуттан өтіп жатыр. Мектептің сыйымдылығы 750 орын бола тұра, қазіргі кезде 97 сыныпта 2342 бала білім алып жатыр».

Қалалық білім басқармасының басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА тамыз кеңесіндегі баяндамасында мектептердің жетіспеушілігі – тұрғындар санының өсуімен, ауылдағы халықтың қалаға көшіп келуімен байланысты екенін атап, үш ауысымды мектеп саны 2025 жылға дейін толықтай жойылады деп мәлімдеген еді.

Биыл қала мектептері 1000 мұғаліммен толықса, оның 400-дейі жаңа диплом алған жас маман. Дегенмен мұғалім жетіспеушілігі әлі де бар. Әсіресе, орыс сыныптарында математика, физика, орыс тілі және әдебиеті, орыс сыныптарында бастауыш сынып мұғалімдері қат.

Қауіпсіздік бойынша барлық мектепте бейнекамера мен турникеттер орнатылған. Сонымен қатар мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген, деп мәлімдеді қалалық білім басқармасы.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

6 қыркүйек 2023, 14:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.