Мәскеудің Басман аудандық соты Conflict Intelligence Team (CIT) тобының негізін қалаған Руслан Левиев пен журналист Майкл Накиды "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратты" деп айыптап, әрқайсысына 11 жыл түрме жазасын кесті. Ресейден тыс жерде тұрып жатқан екеуіне үкім сырттай шығарылды. Бұл туралы "Осторожно, новости" telegram-арнасы хабарлады, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Прокурор судьядан сотталушылардың әрқайсысын 13 жылға қамауды сұраған.
Сот Левиев пен Накиге бес жыл бойы интернетте материал жариялауға тыйым салды деп хабарлады RTVI.
Наки мен Левиевтің үстінен қылмыстық іс Ресей армиясы туралы жалған ақпарат тарату бабы бойынша былтыр наурызда қозғалған.
Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастағаннан кейінгі тоғыз күннің қорытындысын талқылаған Наки мен Левиев Ресей әскері бейбіт адамдарды қырғынға ұшыратқанын айтқан. Содан бері олар соғыстың барысын күнделікті талқылап, оның видеосын интернетте жариялап жүр. 2022 жылғы мамыр айында Мәскеу соты Наки мен Левиевті сырттай тұтқынға алу туралы шешім шығарып, екеуіне іздеу жариялаған.
Былтыр 5 наурызда, Ресей Украинаға басып кірген соң бірнеше күннен кейін Левиев Conflict Intelligence Team (CIT) жобасы Мәскеудегі кеңсесін жауып, қызметкерлері жұмысын жалғастыру үшін толық құрамда Ресейден кетіп қалғанын, олар "соғыстағы әр қадамды тіркеп отыратынын, болашақта міндетті түрде сотта айғақ ретінде ұсынуға қажет болатынын" мәлімдеген.
2023 жылғы ақпанда Ресей прокуратурасы Руслан Левиевтің үстінен Ресей армиясы туралы жалған ақпарат тарату бабы бойынша екінші қылмыстық іс ашты. Бұл істі қозғауға "Популярная политика" youTube-каналындағы тікелей эфирде Левиевтің Ресей сарбаздары Мариупольдегі балалар ауруханасын атқылағанын айтқаны себеп болған.
Тамыздың басында Ресей бас прокуратурасы CIT зерттеу тобын "ұнамсыз ұйымдар" тізіміне қосқан. Прокуратура хабарламасында зерттеу жүргізушілерді Ресей армиясы мен әскери қызметкерлерді одан ары қарай қаралау үшін ақпарат жинайтын "псевдожурналистер" деп атаған.
Майкл Наки мен Руслан Левиев Ресейде "шетел агенттері" тізіміне енгізілген.