29 тамызда Сарыарқа ықшамауданындағы Д.Қонаев және Нұрсаядағы Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейлерінің ашылды.
Мектептің ауласына кіреберісіне турникет орнатылып, ғимарат толығымен бейнекамерамен жабдықталған. Сондай-ақ, мектептің ерекшелігі оқушыларға мектеп ішінде телефон ұстауға тыйым салынған. Яғни оқушы мектепке кіргеннен телефонға алаңдамай сабағын оқиды.
«BINOM SCHOOL» басқарушы компаниясының директоры Шолпан ҚАДЫРОВА атап өткендей, мұнда білім беру жүйесіндегі тағы бір ерекшелік, балалардың өзін-өзі құрметтеуіне, өзгеге құрмет көрсетуіне көп көңіл бөлінеді.
- Мысалы, оқушылар сабақ аяқталғаннан кейін партасын жинастырып, қоқысты арнайы орынға тастап, орындықтарын еден жуушыға ыңғайлы етіп, партаның үстіне көтеріп кетеді. Бұл өзгенің еңбегін құрметтей білуге тәрбиелеудің бір жолы. Тіпті қабырғаның өзі баланы тәрбиелейді. Балалар қабырғаға қарап, әлем жазушылары мен ғалымдардың ұлағатты сөздерін санасына сіңіріп өседі, - дейді Ш. Қадырова. – Айта кету керек, мұнда мүмкіндігі шектеулі балалардың да білім алуына жағдай жасалған.
Мектепте қыздар мен ұлдарға арналған еңбек кабинеттері бар.
- Бұл кабинеттің функциясы 5-10 сыныпқа дейін балаларды үй шаруасына бейімдеу. Ұл балалар осы кабинетке келіп, темірмен, ағашпен жұмыс істеуді үйренеді. Сондай-ақ, әр үйде болуы тиіс үй шаруасына қажетті барлық құрал-сайман жинақталған сөмке бар. Оқушылар оны да қауіпсіз пайдалануды үйреніп, үй шаруасына бейімделеді, - дейді көркем еңбек пәнінің оқытушысы Данияр ОЛЖАҒАЛИЕВ. Айтуынша, өзі бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінде осы пәннен сабақ берген.
- Еңбек кабинетінде қыздарға тамақ дайындауға арналған барлық жағдай жасалған. Сабақ барысында оқушылар ұлттық тағамдар, тіпті өздерінің қалауларын да пісіре алады. Алдағы уақытта демалыс күндері ата-аналарды да шақыртып, оқушы мен ата-ана бірлескен күйде мастер класс өткізуді жоспарладық. Онда оқушылар ата аналарынан әр түрлі тағам дайындауды үйреніп, бірлесіп тамақ пісіре алады. Пән 5-9 сынып оқушыларына арналған, - дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Эльназ ЖАЛҒАС.
Мұндай пән тек Биномда емес, барлық мектептерде де өтіп жүргенін атап өткен жөн. Алайда оларда мұндай мүмкіндіктер жасалған ба, мәселе cонда…
Ашылу рәсіміне қатысқан Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ жаңадан қабылданып жатқан оқытушылармен де танысып, олардың білімдерін алып шыққан шәкірттер қаламыздың атын республика деңгейінде, әлем деңгейінде шығарады деп сенім білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, қалада осындай тағы екі мектеп салынатынын хабарлады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор