АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың 2020 жылғы президент сайлауы нәтижесінің күшін жою туралы ісі 2024 жылдың 4 наурызынан бастап қаралады. Федералды судья Таня Чуткан осылай деп шешті. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
«Қоғам бұл мәселені текз және тиімді шешуге құқылы», - деді ол.
Арнайы прокурор Джек Смит АҚШ-тың 45-ші президентіне қатысты сот ісін 2024 жылдың 2 қаңтарында, ал Трамптың адвокаттары 2026 жылдың сәуірінде - сайлаудан кейін 17 ай өткен соң бастауды сұрады.
«Сот отырысының күнін белгілеу сотталушының кәсіби міндеттемелеріне қарамайды, сондықтан Трамп мырза осы күнге келісуі керек», – деді судья.
Айыптау қорытындысында Трампқа төрт тармақ бойынша айып тағылып жатыр, соның ішінде АҚШ-ты алдау, ресми рәсімдерге кедергі жасау және азаматтардың құқығын бұзу жөнінде сөз байласу бар.
Дональд Трампқа Америка Құрама Штаттарының бұрынғы және қазіргі президенттері арасында бірінші болып қылмыстық айып тағылды. Сайлау нәтижесін жою - Трампқа қарсы төрт қылмыстық істің бірі.
Экс-президент бүкіл айыпты жоққа шығарып отыр.
77 жастағы Трамп келесі жылы президент сайлауына қатысуға ниетті және Республика партиясының кандидаты болуға үміткерлер арасында көш бастап тұр.
Президенттікке кандидаттың партияішілік сайлауы қаңтарда басталады, сондықтан сот процесі праймериздің қызған шағында өтеді.
Келесі жылдың 25 наурызында Трамп Нью-Йоркте порноактрисаға ақша төлегені үшін қаржылық алаяқтық жасады деген айыппен сотқа тартылады, ал мамыр айында Флоридада құпия құжаттарды дұрыс пайдаланбады деген айыппен сот отырысы өтеді.
Трампқа және тағы 18 қатысушыға Джорджия штатында 2020 жылғы сайлау нәтижесін жою әрекеттері үшін айып тағылып отыр. Бұл процестің басталу күні әлі белгіленбеген.