28 сәуір күні таңда №1 Атырау қалалық ішкі істер бөліміне Азаттық даңғылы бойындағы пәтерде пышақ салынған жас жігіттің мүрдесі табылды деген хабарлама түсті.
- Өлген жігіт 1991 жылы туылған. Ол оқиға болған жерде емес, көрші үйде тұрады екен, - дейді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА. – Тексеру барысында ол 1986 жылы туылған Еркінқала селосының тұрғынымен спирттік ішімдіктер ішкен, содан кейін екеуінің арасында ұрыс туындап, қыз оның көкірек тұсына екі рет пышақпен ұрған.
Мүрде мен қашуға әрекет етпеген күдіктіні пәтер иесі (пәтер жалдауға берілген) көріп, полицияға хабарлаған. Әйел уақытша қамау оқшаулағышына жөнелтілді. ҚР ҚК 96-бабы бойынша («Кісі өлтіру») қылмыстық іс қозғалды.
Қала халқы арасында басқа әңгімелер жүр: екі жас жігіт әйелдің арын былғағылары келген. Ол қорғанып жүріп, бірін жаралап, екіншісін өлтіріпті. Алайда полиция терминатор әйел жайлы пікірді жоққа шығарды.
Өзін-өзі қорғау ма, әлде тұрмыстық кісі өлтіру ме, тергеу анықтайды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА