Атырау облыстық перинаталдық орталығындағы патология бөлімшесінде шұбырып жүрген тышқандар босануға барған әйелдердің зәресін алған. Видео әлеуметтік желіде лезде тарап кетті.
Бейнежазбаға пікір айтушылар да аз болмады:
«Жаңа босанған адамға жаңа туған балаға бұның бәрі инфекция емес пе, бала емеді, оның үстіне тамақтың қасында жүр. Мұндай мекемеде апта сайын дезинфекция жасалуы керек», «Менде де бар роддомнан осындай видео. Палатада, асханасында толып жүр, батареяның айналасын кеміріп тастаған, 4 күн әзер жаттым. Бірақ дәрігерлері керемет» депті.
«Жатып алып біреуге міндетсімей, жатқан жерлеріңді таза ұстаңдар. Тышқанды қызметкерлер үйінен әкеліп жатыр ма? Жататын бөлмеге тамақ әкелмеу керек, үйде жатын бөлмеге тамақ жинап қоясыздар ма?» деп пікір қалдырғандар да бар.
- Қазіргі кезде перзентхана қаладан алыс жерде орналасқан. Ғимарат жазық далада болғандықтан дала тышқандары бар. Алайда біз өз тарапымыздан дезинфекция жұмыстарын жиі жүргіземіз. Соған қарамастан тышқан шығып жүр. Алдағы күндері дезинфекция жұмыстары тағы да жүргізіледі. Қазіргі уақытта перинаталдық орталықтың бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң қазан айында кері көшіріледі, - деді Атырау облыстық перинаталдық орталығының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Атырау облыстық перинаталдық орталығы 2022 жылғы қазан айынан бастап қала сыртына, коронавирус кезінде салынған модульдік ауруханаға көшірілген болатын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Оқырмандар жолдаған бейнежазба