Атырау облысында 80-нен астам мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген.
- Атырау қаласы мен облыс мектептерінде бұрын-соңды оқу орындарында жұмыс істемеген, бұл кәсіпке еш қатысы жоқ «өлі жандар» табылды. Қызметкерлер мен оқушылар саны бірдей мектептерді әртүрлі қаржыландыру фактілері де анықталды. Бір мұғалім бес мекемеде қатар жұмыс істеген, сонымен қатар кейбір білім беру ұйымдарының басшылары лауазымдық жалақысына қосымша үстемеақы аударған, – деп мәлімдеді Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің превенция басқармасының басшысы Жәнібек ҚАРАЖАНОВ Қоғамдық кеңес отырысында. – Бұдан басқа, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 51, орта мектептерде 30 қызметкердің жалған дипломды пайдаланғаны анықталды.
Аталмыш заң бұзушылықтарды жою үшін Антикор жергілікті атқару органдарының деңгейінде бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және бекіту процестерін автоматтандыруды, қызметкерлер контингенті бойынша деректерді автоматты сәйкестендіру үшін интеграцияны қамтамасыз етуді және мектеп пен балабақшаға кіру және шығу кезінде мұғалімдерді бақылауды ұсынды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА