Құрманғазы ауданында 361 гектардан 3732 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналды, жалпы осы жылға 9,5 тонна өнім алу көзделіп отыр.
«АЖ»-ға ұсынылған ақпарат бойынша, 60 шаруа қожалығы мен жеке тұрғындар 907 гектар жерге егін еккен. Оның 395 гектары, яғни 44 пайызы шаруа қожалықтарына тиесілі, қалған 512 гектар жер тұрғындар еншісінде.
- Бөлінген жердің 347 гектарына картоп, 212 гектарға көкөніс, 94 гектарға бақша өнімдері, 254 гектарға мал азықтық дақылдары егілген, - деді Құрманғазы ауданының Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат ҚАБДОЛОВ. - Егістік орнын дайындау мақсатында 3 тонна тыңайтқыш қолданылған. Науқандық жұмыстарға 27 трактор, 2 шынжыр табанды трактор, 9 әртүрлі ауыл шаруашылық агрегаттары (культиватор, тұқым сепкіш, соқа, т.б.) тартылып, 130 азамат егістік жұмыстарымен қамтылып отыр.
Жинау науқаны 15 қазанға дейін жалғасады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Құрманғазы ауданы әкімдігі жолдаған суреттер