Атырауда «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының жаңа ғимараты ашылды.
Енді филиал республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы құрылыс жұмыстарының сапасын және пайдаланылған материалдарды тексерумен айналысатын заманауи зертханамен жарақталады.
Зертхана халықаралық аккредитация стандартының талаптарына сай. Бұл көшпелі зертхана салынған жолдардың сапасын тексереді, құрылыста пайдаланылған материалдарды бағалайды, жалпы жолдардың орташа жөндеуіне ведомстволық сараптама жүргізеді, жол инфрақұрылымын бақылайды.
Сонымен қатар, ғимаратта мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Киінетін, спорттық бөлмелер, ас үй, коворкинг орталық, конференц зал бар. Болашақта техникалық бақылаушылар, мердігер мекеме және жол саласындағы атқарушы билік өкілдерін оқытуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол.
Айтпақшы, сала мамандары 4 жыл ішінде мердігерлер қайта жасауға мәжбүр болған мыңнан астам олқылықтарды анықтап, биыл облыстағы 79 жолды бақылауға алған.
Филиал бақылаумен қатар мектеп оқушылары мен студенттерді осы кәсіпке баулу мақсатында белсенді түрде іссапарлар ұйымдастырады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА