Бүгін Прага қаласының орталығында үлкен жарылыс болды, деп хабарлайды lenta.ru Associated Press-ке сілтеме жасап. Жарылыс салдарынан ғимараттар қирап, үйінділер астында адамдар қалып қойған, деп мәлім етті жедел әрекет ету қызметтері.
Қаза болғандар жайында әзірге ақпарат жоқ. Өрт сөндірушілердің берген мәліметтеріне сәйкес, кем дегенде 13 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Оқиға Дивадельни көшесінде орын алды, деп нақтылады полиция қызметкері Томас Хулан. Český rozhlas чехиялық радиостансасы таратқан ақпараттар бойынша, жарылыс Прага музыка өнері академиясының құрамына кіретін кино мен телевизия мектебінің ғимаратында болған. Құқық қорғау органдары әзірше қайғылы оқиғаның нақты себептерін айта алмай отыр. Прага радиосы сүйеніп отырған кей бейресми мәліметтерге құлақ ассақ, жарылыс газдың сыртқа шығуынан орын алған.
Жарылыс болған жерді полиция қызметкерлері қоршауға алды. Жарылыс толқыны апат болған орынға жақын орналасқан ғимарттардың терезелерін сындырып жіберген. Сондай-ақ Ұлттық театр ғимараты да жарылыстан зардап шеккен. Оған қоса, оқыс оқиға Карлов университетінің әлеуметтану факультеті орналасқан ғимартқа да зиянын тигізген. ЖОО өкілдері мәлім еткендей, терезелерден ұшқан шынылардан бірнеше адам жарақат алған, деп хабарлайды Ceske Noviny.
Дереккөз: bnews.kz