Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің қатысуымен өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Жәнібек ҚАРАЖАНОВ мәлім етті.
Ж.Қаражанов өз сөзінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін зерделеу нәтижелері бойынша жекелеген компаниялардың ғана жеңімпаз деп танылуы анықталғанын атап өтті.
Антикор атауын атамай, бүгінде басшысы мемлекеттік органдармен 1286 келісімшарт жасасқан бір фирманы мысалға келтірді. Биылдың өзінде ол 1,2 млрд теңгеге, ал өткен жылы 3,6 млрд теңгеге келісім жасаған. Бір қызығы, бұл табысты кәсіпкерде өз қызметін жүзеге асыру үшін іс жүзінде ешқандай техникалық жабдық жоқ.
Іс-шараға барлығы 87 құрылыс компаниясының, сондай-ақ жобалау ұйымдары мен техникалық бақылау және қадағалау органдарының өкілдері қатысты. Облыс орталығының басшысы сақалды құрылыстарды және атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын сынға алды. Бас мердігерлер тарапынан да бақылаудың әлсіздігі айтылды.
Қорытындылай келе, Ж.Қаржанов мемлекеттік органдардың назарын бизнесті қорғау шараларына, атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру және бақылау, рұқсат беру жұмыстарын жүзеге асыру кезінде бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимыл тетігіне аударды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА