Атырау, 27 қараша 12:31
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Бұрынғы мердігер синдромы

923 просмотра

Мақат ауылының тұрғындары ықшамаудандағы аллеяны бітірмеген компанияға өкпелі, енді олар олқылықты бітіруді мойнына алған жаңа ЖШС-ге сенбейді.

Еске салсақ, 2017 жылдың шілдесінде Мақат кентінің Болашақ ықшамауданында 54 млн теңгеге бағаланған 3900 шаршы метр демалыс аймағының құрылысы басталған болатын. Мердігер нысанды 2018 жылдың желтоқсан айында тапсыруы тиіс еді.

Бөлінген бюджет қаржысының 48 млн теңгесі игерілді. Алайда тұрғындар тараздық мердігер «МасштабСтрой» ЖШС өз жұмысын дұрыс атқармаған деп есептейді. Қазіргі уақытта демалыс орны ретінде жобаланған аллея қорқынышты фильмнің декорациясын көбірек еске түсіреді: төсемтастар сөгіліп, арка сұрықсыз күйге түсіп, ротон істен шыққан, әр жер арам шөпке оранған. Жергілікті тұрғындар ол жаққа баруға қорқады. Әділдікке қол жеткізбек болғанмен, нәтиже шықпады: кемшіліктерді жою туралы шешім шығарған сот та, аудан әкімшілігі де сенімсіз ЖШС-нің ізін де таба алмай қалды.

Кенттің осы сұрықсыз аллеясын қайтадан қалпына келтіру үшін бюджеттен тағы 112 млн теңге бөлінді. Жаңа «ЭнергоСнабРесрурс» ЖШС кемшіліктерді дұрыстауды өз мойнына алды. Құрылыс жұмыстары екі жылға созылады деп күтілуде, мердігер 2023 жылы 50 миллион теңгенің жұмысын аяқтап, қалған бөлігін 2024 жылы тапсыруы тиіс. Жаңа аллеяда балалар мен спорт алаңдары және жалпы демалыс аймағы салынуы керек.

- Келісімшарт бойынша мердігер биыл 50 млн теңгенің жұмысын 1 қыркүйекке дейін атқаруы тиіс. Бүгінде мердігердің есепшотына 14 млн теңге, 30 пайыз қаржы аударылды. Алайда жұмыс баяу жүріп жатыр. Сол себептен ЖШС директорының атына келісімшарт міндеттерін орындамаған жағдайда жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде сотқа беретінімізді ескертіп, хат жолдадық, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілқайыр КАДЫРОВ.

- Жұмыс тоқтап қалды деуге негіз жоқ, - дейді «ЭнергоСнабРесурс» ЖШС директорының орынбасары Болатбек АХМЕТОВ.  - Біз демонтаж жұмысын толық аяқтадық. Енді спорт және ойын алаңдарына цемент құйылады. Аллеяны қоршауымыз керек, ол енді жүргізіледі. Жалпы 33 млн теңгенің жұмысы атқарылды. Ал тапсырысшы құрылыс бөлімі бар-жоғы 14 млн теңгені аударды. Яғни, өз қаражатымызбен, өз күшімізбен жұмыс артық атқарылуда. Қандай талап болуы мүмкін? Құрылыс алаңына барыңыз, ол жерде оншақты жұмысшы бар, әлі де жұмыс қолы тартылады. Бізге тыныш жұмыс жасауға мүмкіндік беріңіздер, бәріне үлгереміз. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

22 тамыз 2023, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.