Атырау, 23 қараша 16:06
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зеленский: НАТО мүшесі атану үшін Белгородты айырбастауға дайынбыз

590 просмотра
Украина президенті Владимир Зеленский Нидерландыға сапары кезінде. 20 тамыз 2023 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский "НАТО-ға мүше болу үшін Украинаның кейбір аумағын беру" туралы сұраққа жауап бере отырып, Украина әскери одаққа кіру үшін Ресейдің Белгород қаласын ғана айырбастауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Азатық Радиосы.

Зеленский мұны Скридструп әуе базасында Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Бұл кездесудің алдында Нидерландыда болған Украина президенті журналистер сұрағына жауап бергенде "айырбастау" мүмкіндігін жоққа шығарған.

Өткен аптада норвегиялық VG басылымына сүйенген бірқатар БАҚ НАТО бас хатшысы кеңсесінің жетекшісі Стиан Йенссеннің мәлімдемесін жариялаған. Йенссен Украина кейбір жерінен бас тартса, оны Солтүстік Атлант альянсына алу арқылы соғыс аяқталуы мүмкін деген.

Йенссен мәлімдемесі Украинада қоғам наразылығын тудырды. Украин өкілдерінің сынынан кейін Йенсен өз мәлімдемесін "қателік" деп, оның "болашақта болуы мүмкін сценарийлер туралы күрделі пікірталас" аясында айтылғанын айтты.

Кейінгі кезде Батыс саясаткерлері Ресей басып алған аумақтарды Украинаның әскери жолмен босата алмауы және Кремльмен келіссөз жүргізудің мүмкін екені туралы айтып келеді. Киев мұндай мәлімдемелерді жақтырмайды.

  • Украинамен шекаралас жатқан Ресейдің Белгород облысы мен Белгород қаласына Украина қарулы күштері жиі шабуылдайды. Бұған дейін Украина жағында соғысып жүрген Орыс еріктілер корпусы мен "Азат Ресей" легионы Белгород облысына кіріп, шекарада ұрыс болған. Белгород облысының тұрғындары Ресей президенті Владимир Путинге өздерін қорғау туралы бірнеше рет өтініш айтқан. Ал өңір билігі тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға, Белгородта қоныс аударушыларға уақытша орналастыру пункттерін ашуға шақырған.
  • Киев Ресей өзі басып алған Украина жерін қайтарып (арасында Қырым да бар), өз әскерін әкетпейінше, Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізу мүмкін емесін айтады.
  • Мәскеу 2014 жылы басып алған Қырымды Ресей аумағы деп санайды. Бұған қоса, 2022 жылы күзде Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын өзінің құрамына кіргенін жариялаған. Ресей билігі былтыр қыркүйек айында аталған аумақта жүргізілген "референдум нәтижесін" алға тартады. Киев және халықаралық қауымдастық бұл референдумды заңсыз деп санайды.
  • Киевтің мақсаты — Украинаның басып алынған жерлерін, соның ішінде Қырымды да азат ету, 1991 жылғы шекараны қалпына келтіру. Халықаралық дәрежеде мойындалған шекараға сәйкес, Қырым мен Ресей аннексиялаған Украинаның төрт аймағы — украиндарға, ал Белгород облысы Ресейге тиесілі.
21 тамыз 2023, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.