Атырау, 23 қараша 15:47
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зеленский Нидерланд пен Данияға сапарлап, екі ел F-16 ұшағын беруге келіскенін мәлімдеді

523 просмотра

Украин ұшқыштары мен инженерлері F-16 ұшағын басқаруды үйренген соң, Нидерланд Киевке осы ұшақтың 42 данасын береді. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттемен кездесуден кейін хабарлады. Зеленский Нидерландыға сапармен барған, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

"Бүгін Украинаның әуе қорғанысын күшейтуге тағы бір қадам жасаймыз. F-16. Бұл — ресейлік террористерді Украинаның қалалары мен ауылдарынан аулақ ұстауға қолданылатын ұшақтар" деп жазды Владимир Зеленский телеграм-арнасында.

Марк Рютте F-16 ұшақтары Украинаға қойылған талаптар орындалғанда, берілетінін айтты. Ол Украина ұшақтарды қашан алатынын, украин ұшқыштарын оқыту қай уақытта аяқталатынын нақтыламады. Рютте Нидерландыда F-16 ұшағының 42 данасы барын айтты, бірақ оның бәрі Украинаға беріле ме, ол жағы белгісіз деді.

Украина президенті Нидерландыдан кейін Данияға барды. Бұған дейін Дания қорғаныс министрі Якоб Эллеманн-Йенсен Нидерландымен бірге "Украинаның бостандық пен Ресейдің қылмыстық агрессиясына қарсы күресіне" F-16 ұшағын Киевке беретінін ресми түрде хабарлаған. Министр ұшақтың нақты қашан берілетінін айтпады. Владимир Зеленскиймен өткен баспасөз мәслихатында Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Украинаға F-16 жойғыш ұшағының 19 данасы жіберілетінін айтты. Айтуынша, оның алтауы жаңа жылға дейін, сегіз данасы келесі жылы, ал қалған бесеуі кейінірек беріледі.

Ресей басқыншылығы басталғалы бері әскери авиациясының едәуір бөлігінен айырылған Украина Батыстағы әріптестерін соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтарды мүмкіндігінше жылдам беруге асықтырып келеді. Бұған дейін НАТО құрамындағы Польша мен Словакия Украинаға советтік әскери ұшақтарын берді.

Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел – АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Тамыздың басында АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берген. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген.

Бұған дейін Politico журналы дереккөзге сүйене отырып, украин ұшқыштарынан оқуға жіберілетін алғашқы топ жасақталғанын хабарлаған. Ол ағылшын тілін еркін меңгерген 8 адамнан құралған. Басылымның жазуынша, алғашқы ұшақтар Украинаға 2024 жылдың көктемінен ерте келмейді.

21 тамыз 2023, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.