Тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін дәстүрлі «Atyrau Sport Fest - 2023» салтанатты шарасы 10 000-ға жуық атыраулықтың басын қосты. Шараның шымылдығы спортшылардың салтанатты шеруімен ашылды.
- ...Халық даналығына жүгінсек, «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Міне, біз бұл күнді денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық, сергектік мерекесі ретінде атап өтеміз. Салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінде біздің спортшылар киелі мекен – Атыраудың айбынын асыруда. Олар сонымен бірге, белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен күллі еліміздің беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде, - деді облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бас маманы Айман Меңдіғалиева «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше қызметкер «ҚР Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін тақты.
Сондай-ақ шарада бірнеше сала қызметкері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ұлттық олимпиада комитетінің медалімен, Алғыс хатымен, облыстық ардагерлер кеңесінің «Тәлімгер», «Алып қыран» медалімен марапатталды. Салтанатты кештің тізгінін Дәулет Бижанов пен Салтанат Серкебаева ұстады. Қала тұрғындары мен қонақтарына Мархаба Сәби, Әмре, Yenlik, Il’han, Jeltoksan сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді ӨКҚ жолдады