Ресей әскері 19 тамызда таңертең Украинаның Чернигов қаласының орталығына соққы жасап, нәтижесінде 7 адам қаза болды. Бұл жөнінде Украина ішкі істер министрлігі хабарлады.
Министрлігінің айтуынша, түрлі дәрежеде жарақат алған 90 адам медициналық көмекке жүгінген, 25 адам ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Бұған дейін шабуыл жөнінде Чернигов облысы әкімшілігінің жетекшісі Вячеслав Чаус хабарлаған. Оның айтуынша, қалаға баллистикалық ракета жіберілген.
Соққыдан кейінгі ахуал туралы Украина президенті Владимир Зеленский видео жариялады. Оның айтуынша, соққы жасалған аумақта политехникалық университет пен театр бар.
"Труха-Украина" Телеграм-арнасының жазуынша, драма театрдың ішінде дрон өндірушілердің көрмесі өтіп жатқан. Шараны облыстық әкімшілік ұйымдастырған.
Осыған дейін Черниговта әуе дабылы іске қосылған. Ресей шекарасына жақын орналасқан қалаға баллистикалық ракета бір минут ішінде жетеді.
Бұған қоса, Киев билігі де қалада жарылыс болғанын хабарлады. Онда әуе дабылы іске қосылмаған. Украина астанасының мэрі Виталий Кличконың айтуынша, жарылыс өндіріс ошағында болған, ізінше өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Ішкі істер министрі Игорь Клименконың айтуынша, министрлікке қарасты мемлекеттік ғылыми-зерттеу сараптама-криминалистика орталығының аумағында да өрт болған.