Олимпиаданың басталуына бір жыл қалғанда Франция астанасында триатлонның жүзу кезеңі өтпейтіні белгілі болды. Әзірге билік өкілдері жүзушілердің қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.
Париж Олимпиадасына бір жыл қалғанда Сенадағы су сапасы әлі де өзекті мәселе болып тұр.
Бірнеше күн бұрын ғана спортшылар триатлоннан тест жарыстарының жеке кезеңі аясында өзенге Александра ІІІ көпірінен түскен болатын. Бірақ жексенбі күні бактерия көлемі көп екені, су жүзуге жарамсыз екені анықталып, жүзуден аралас эстафета өткен жоқ. Триатлон дуатлонмен, яғни жүгіру және веложарыс кезеңдерін кезектестірумен алмасты.
Жақында пара-триатлоншыларда да осындай жағдай болды.
«Біз әлі де су сапасы неден нашарлағанын түсіне алмай жатырмыз. Судың екі сынамасы сапаның нашар екенін, яғни нормадан ауытқығанын көрсетті. Қазір біз қайдан ластанып жатқанын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатырмыз», - деді 2024 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге жауапты Париж мэрінің орынбасары.
Су сапасына күмән туындаған соң тамыздың басында Сенада өтетін жарыстар тоқтатылған. Сол кезде ұйымдастырушылар нөсер жауын салдарынан ішек таяқшасы бактериялары концентрациясы өсіп, су ластанды деп мәлімдеген болатын. Бұл жолы себеп анықталмады.
Париж билігі ашық судағы жарыстарға әлі де бәс тігіп отыр. «Париж 2024» ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстангенің сөзінше, «Б жоспары жоқ».
Сена өзенін париждіктер шомыла алатындай қауіпсіз етуді билік бірінші жыл уәде етіп отырған жоқ. Астана мэриясы таза өзен Олимпиададан қалған мұра болады деп үміттенеді.