Атырау, 29 қыркүйек 16:24
 ашықВ Атырау +18
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Төбедегі төрт үй қашан беріледі?

1 122 просмотра

"...Бес жыл бұрын салына бастағаннан бері осы үйлердегі пәтер қашан беріледі екен деп зарығып күтіп жүрміз. Осы жылдар бойы пәтер жалдап келеміз. Әкімдік екі жыл бұрын кілтін береміз деген. Ол уәделерінде тұрмады. Естуімізше төбедегі төрт үй бітіп тұр. Енді неге берілмейді, кімге қарап отыр? Шаршадық. Біліп беріңізші, жаңа баспанаға қашан қолымыз жетеді", - редакциямызға Индербор кентінен осындай хат келді. 

Бұдан кейін де редакцияға бірнеше адам хабарласты: "Күз болса келіп қалды, - дейді мазасызданған олар, баспана жалдау қымбат, қашан беріледі деп салынып тұрған жаңа үйдің сыртынан қарап жүрміз".  

Айтса айтқандай, Индербор кенті «Көктем» шағым ауданы 11-ші учаскедегі 48 пәтерлік 4 үйдің құрылысы 2018 жылы басталған. Мердігер «ЕвроСтройА» ЖШС 2021 жылы аталған үйлердің құрылысын толық аяқтап, тапсырысшы қабылдап алады. Алайда үйлер біткенімен сыртқы абаттандыру жұмысын жеңіп алған «АгроСпецМонтаж» ЖШС жұмысты екі жылға созып, тапсыру мерзімінен кешігіп отыр. 

«АЖ» тілшісі мән-жаймен танысу үшін құрылыс басына аяқтай барды. Төрт үйдің айналасына көлік және жаяу жүргіншілерге арнап жол салынып қойылған. Суағарлар жүргізіліп дайындалып жатыр, құрылыс басында төрт-бес жұмысшы жүр.

- Үйлер біткенімен сыртқы абаттандыру жұмыстары толық аяқталмағандықтан бере алмай келеміз. Осының бәрі құрылыс материалдарының қымбаттап, қаржыландыру мәселесі туындағанына байланысты, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің башысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН.

Құрылыс бөлімі басшысының айтқанына қарамастан, кент әкімі Шалқар АЛМУРЗИЕВ жақсы жаңалықпен бөлісті: 

- 23 тамызда жаңа үйдің қоныстанушылары жаңа баспанға қол жеткізеді. Комиссия отырысы өтті, жалпы аумағы 53 шаршы метр 2 бөлмелі пәтерлер 192 отбасыға берілетін болды. Оның ішінде 106 пәтер көп балалы отбасы, 16 - жетім балаларға, 68 - осал топтағы азаматтарға беріледі. Күні бүгінде баспана иелерімен келісім шарт жасалып жатыр.

Жалпы аудан бойынша әлі де мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

21 тамыз 2023, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.