Қазақстандық студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқов Джохар Царнаевпен бірге. Фото "В Контакте" әлеуметтік желісінен алынды. Бостондағы терактіні жасады деп айыпталып отырған Джохар ЦАРНАЕВТЫ ұстағаннан кейін әлемдік баспасөз беттерінде екі қазақстандықтың - Массачусетс Дартмут (UMass Dartmouth) университетінің студенттері Диас ҚАДЫРБАЕВ пен Азамат ТАЖАЯҚОВТАРДЫҢ есімі аталды. Ал 19 жасар Азамат, тіпті, біздің жерлесіміз, атыраулық болып шықты.
Студенттерді ФТБ 20 сәуірде Нью-Бедфорд қаласында (Бостоннан бір сағаттық және Дартмутқа бірнеше минуттық жер) жалдап тұрған пәтерлерінде тұтқынға алған.Пәтерге тінту жүргізілді. Билік оларға көш-қон заңнамаларын бұзған деп айып тағып отыр, алайда алғашқыда олардан теракт бойынша жауап алынған еді – американдық БАҚ-тардың пікірлерінше, олар ағайынды Царнаевтардың кішісі - сол Массачусетс университетінің студентіДжохармен жақсы қарым-қатынаста болған. Кейбір БАҚ беттерінде олар іздеу жарияланған ағайындыларды өз үйлерінде тығып ұстаған деген де хабарлар бар. Бұған қоса, қазақстандықтардың автокөлік номері де әр түрлі ойға жетелейді: алдыңғы бамперінде Terorrista#1 жазуы бар оларға тиесілі BMW 330xi автокөлігінің фотосы бүкіл әлемді шарлады. Осы машинаның суреттерін Джохар Царнаев өз Твиттер бетшелеріне екі рет шығарған, ал бұл бетшелер қазақстандық екеудің vk.com аккаунттарында тіркелген.
«Азамат Тажаяқов» және «Диас Қадырбаев» атаулары қазақстандық ғаламторда ең көп терілетін сөздерге айналды: соңғы бірнеше күнде олардың әлеуметтік желілердегі бетшелерінде мыңдаған адамдар болған. Алайда онда көп ақпараттар жоқ, жас адамдар аккаунтарды көптеген платформаларда жүргізе отырып, оларды үнемі жаңартып отырған.
Бүгінгі күні Тажаяқов пен Қадырбаевқа ешқандай айып тағылған жоқ, бірақ «жағдай анықталғанша» желеуімен қамақта отыр.
Қазақстан СІМ таратқан хабарламада «біздің дипломаттардың бірі қазір Бостонда АҚШ билігімен бірлесе қызмет атқарып жүр, сондай-ақ, ұсталған студенттермен және олардың отбасыларымен байланыс жасап отыр. Азаматтарымыздың денсаулық жағдайларының нашарлауы және АҚШ құқық қорғау органдары тарапынан қысымшылық жасалғаны жөнінде шағымдары жоқ» делінген.
«Мирас» халықаралық мектебі астаналық филиалының түлегі Азамат Тажаяқов шынымен де Атыраудың тумасы, бірақ Астанада оқыған. Оның әкесі – облысымызға белгілі кәсіпкер, Атырау қаласындағы «Абылайхан групп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әмір Тажаяқұлы ИСМАҒҰЛОВ. БАҚ құралдарына сұхбат берген алматылық Қадырбаевтың әкесінен бір айырмашылығы, ол түсінік беруден бас тартты. Біздің телефонмен болған әңгімеміз кезінде ол Астанада екен:
- Оларда бәрі жақсы ма?
- Иә, оларда бәрі жақсы. Мен Америкаға ұшып барамын, үйге, Атырауға келген соң, барлығын айтып беремін.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА