Атырау, 27 қараша 03:41
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Үйсіз қалған доссорлықтарға баспана қажет

Сурет Бейнежазба
1 138 просмотра

Доссорда үйлері өртеніп кеткен 6 пәтерлі барак үйдің тұрғындары екі айдан бері мектеп интернатының бөлмесін паналап келеді. Баспана немесе соған тең қаржы мәселесін сұраған тұрғындар облыс әкімдігінің алдына жиналды.

Тұрғындардың айтуынша, 16 маусымда Доссор кентіндегі ескі 6 пәтерлік барак үй өртке оранып, өрт сөндірушілер пәтердің ешқайсысын сау сақтап үлгермеген. 

Келесі күні Доссор кенті әкімдігі үйсіз қалған тұрғындарды Сабыр Шәріпов атындағы мектеп-интернатының жатақханасына орналастырып, төтенше жағдайдан зардап шеккен әр үйге 690 мың теңге көмек берілетінін жеткізген. Алайда тұрғындар ол ақшаны қанағат тұтпайды.


Лаура САТЫБАЛДИЕВА,  ауыл тұрғыны:

- 690 мың теңге біздің үйімізді жөндеуге де жетпейді. Сондықтан ол ақшадан ресми түрде бас тарттық. Содан соң әкімдік бізге 1500 АЕК көлемінде көмек беруді қарастыратынын айтып, ол үшін 45 күн күту керектігін жеткізді. Күткенімізге екі ай өтті. Күйеуім жұмыстан қысқарып, 6 айдан бері жұмыссыз. Екі баламыз бар, үшіншісін күн санап күтіп отырмыз. Кішкентай баламен барар жеріміз болмағасын, амалсыз осы жерде жатырмыз. Қазір интернаттың ішінде  сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Иістен тамақ та іше алмаймыз, демала да алмаймыз. Тамаққа иісі сіңіп қалды. Енді кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз.

Өрттен зардап шеккен тұрғындардың бірі Нұргүл ҚОЙШЫБАЕВА:

- Бір бөлмеде тамақ ішіп, сол бөлмеде жуынамыз. Арасында су жүрмей қалса, бізге шірітіп жатсыңдар дейді. Тоңазытқышты пайдалануға рұқсат етпейді. Осындағының бәрі бізге бастық... Әкім мен депутаттарға да жолықтық. Біздің жанайқаймызды естісін деп облыс әкімдігіне де келдік. Бірақ әкіммен кездесе алмадық, - дейді ол.

...Облыс әкімдігіне барғанда олар бұрын Мақат ауданында әкім болған қазіргі Атырау қаласының әкімі Шәкір КЕЙКІНМЕН кездескен. Ол мәселені тыңдап алып, нақты шешілетіні туралы мардымды жауап айтпаған. 

Тұрғындардың өтініші бойынша Доссор кентінің әкімі Болат ЕРМЕКОВКЕ хабарластық. 

- Электр жүйесіндегі ақаудан 1911-1930 жылдары салынған барақ төбесі өртеніп, 6 отбасы баспанасыз қалды. Ауданда үйі өртенгендер үшін бере салатын дайын үй жоқ. Заң жүзінде бекітілген 690 мың теңге қаржылай көмек барын ескертіп, ұсындық. Бірақ тұрғындар оған қанағатанбады. Содан кейін бұл мәселе аудан әкімдігінде көтеріліп, 1500 АЕК ( 5 175 000 теңге. Доссордағы үйлердің орташа бағасы – авт.) көлемінде қаржы қарастыру үшін аудандық мәслихат облысқа ұсыныс жасады. Алайда құжатты жібергеннен кейін оның орындалу кезеңдері бар. Біз ұсыныс бердік, қазір Әділет басқармасында қаралып жатыр. Егер заң жолымен шешімін тапса, аудандық мәслихатпен қаржысын шешіп береміз, - деді ол.

Сондай ақ кент әкімі әр отбасына интернаттан бір бөлмеден берілгенін және  мектепте жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты сырлау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны тұрғындар жолдады

15 тамыз 2023, 19:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.