Жақында бір жиында Жылыой аудандық мәслихатының депутаты Сәуле МӘМБЕТОВА Теңізде жобалардың аяқталуына байланысты жылыойлықтардың дені босатылып, Қазақстанның басқа аймақтарынан келген жұмысшылар өз орындарында қалып жатқанын айтты. Солай болды ма - оны «АЖ» тілшісі анықтап көрді.
Соңғы мәліметтер бойынша, қазір Теңіз кенішінде 55 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның 23 мыңнан астамы Атырау облысының тұрғындары, соның ішінде жылыойлықтар да бар. «Теңізшевройл» компаниясының мәліметінше, ККЖ-ҰҚБЖ жобасының құрылысы аяқтала келді, бекітілген жоспар аясында «босатылған жұмыс күшін кезең-кезеңімен демобилизациялау» жалғасып жатыр.
"Ұңғыма сағасының қысымын басқару жобасының (ҰҚБЖ) құрылысы негізінен аяқталды, қазір кен орны нысандарын іске қосу және жоғары қысымнан төмен қысымға көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Келешек кеңею жобасын жүзеге асыру барысында ТШО білікті және тіжірибелі жергілікті жұмыс күшін қалыптастыруға атсалысты, халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологиялар жеткізіліп, өңірдегі инфрақұрылым жаңартылды. ККЖ-ҰҚБЖ жобасын іске асыру барысында сұранысқа ие мамандық алу үшін 19 мыңнан астам адамды оқыту және қайта даярлау қызметі қаржыландырылды», - деп хабарлайды «Теңізшевройл» ЖШС.
Статистикаға көз жүгіртіп, қанша адам жұмыстан босатылғанын шығарып көрелік, соның ішінде Жылыой ауданынан неше адам болғанын анықтайық. Жақында ТШО-ның Қоғамдық консультативтік кеңесінің отырысында мердігерлер статистикалық мәліметтер келтіріп, әсіресе жылыойлықтарды өз орындарында қалдыруға тырысып жатқанын мәлімдеді. Мәселен, Теңіз кенішінің ең ірі мердігері «Сенімді құрылыс» компаниясында 7 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның тең жартысы Атырау облысының, соның ішінде Жылыой ауданының тұрғындары. Демобилизация кезінде бар болғаны 17 жылойлық қысқартылды. Жұмыстан босатылған жұмысшылар үшін арнайы курстар ұйымдастырылды.
ССЕР компаниясында 1033 адам жұмыс істейді, оның ішінде 432 адам Атырау облысынан, оның 129-ы Жылыой ауданынан, қалғаны республиканың басқа аймақтарынан. Дегенмен, ККЖ-ҰҚБЖ бойынша жұмыстан босатылғандардың басым көпшілігі басқа аймақтардан келген қызметкерлер. Жылыойлықтардың небәрі 7 пайызы ғана жұмыстан босатылды, қалғаны әзірге өз орындарын сақтап қалды.
Бүгінгі таңда «Новус Болашақ» ЖШС-нен ККЖ-ҰҚБЖ жобасында 3900-ге жуық адам жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің 40 пайызы Атырау облысының тұрғындары, оның 25 пайызы жылыойлықтар. Демобилизацияланғандардың басым бөлігі тағы да басқа өңірлерден.
Sicim компаниясы бәрімізге таныс, онда 1600-ден астам адам жұмыс істейді, оның жартысы біздің жерлестеріміз. Маусым айында 150-ге жуық адам жұмыстан босады, оның 49-ы ғана Жылыой ауданының тұрғыны.
Құлсары қаласында құрылған «Umirzak» компаниясында 600-ден астам адам еңбек етеді, оның 500-ден астамы Атырау облысының тұрғындары болса, басым бөлігі жылыойлықтар. Биыл компания жұмысшыларды босатуды немесе қысқартуды жоспарлап отырған жоқ.
Осылайша, жұмыстан босатылған әрбір жылойлық тұрғынға облысымыздың басқа аудандарынан немесе еліміздің басқа өңірлерінен демобилизацияланған 17 адамнан келеді.
Жергілікті белсенділер Теңізде жалақы аз екенін жиі жазады. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі ең жоғары орташа жалақы – 618 мың теңге Атырау облысына тиесілі. Жылыойлықтар орта есеппен 830 мың алады.
Айтпақшы, жақында Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы Теңіз жұмысшыларының заңсыз босатылғаны туралы арыз-шағымдар болмағанын хабарлады. Бірақ мынадай сипаттағы арыздар болды: жұмысшылар босатудың қысқарту түрінде және келісім-шарт мерзімі аяқталғаннан кейін және жұмыстың жекелеген түрлерін аяқтағаннан кейін еңбек шартын тоқтату түрінде орын алуы мүмкін екенін түсінбей жатады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА