Мамырдың 1-інен бастап елімізде 5 жасқа дейінгі балалар арасында пневмоккок инфекциясына қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Осы шара бойынша 23 сәуір күні Атырау облыстық ауруханасының мәжіліс залында медицина қызметкерлерінің қатысуымен көшпелі семинар өткізілді. Биыл мұндай семинарларды Атыраудан бөлек, Көкшетау, Қостанай қалаларында да өткізу жоспарланды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің 2007-2009 жылдары аралығында республика бойынша жүргізген статистикаға сәйкес, 1 жасқа дейінгі балалар арасындағы пневмониямен науқастанған және көз жұмған фактілері Шығыс Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысында көп тіркелген. Осы көрсеткішті азайту мақсатында 2010 жылы дәл осы екі өңірде пневмоккокқа қарсы вакцинациялау жүргізіле бастады. Кейін 2011 жылдан бастап аталмыш вакцинация Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізілді. Ал биылдан бастап, пневмоккокқа қарсы вакцинациялауды Атырау, Қостанай және Ақмола облыстарында жүргізу қолға алынды. Ал 2015 жылға қарай Қазақстанның барлық өңірлері қамтылады.
Айта кетейік, бұл - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 - 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отырған шара. Оны іске асыруға мемлекеттен 30 млрд теңге бөлінген болатын.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бас сарапшысы Нұршай ӘЗІМБАЕВАНЫҢ айтуынша, пневмоккокқа қарсы вакцинациялау пневмониямен ауыруды 50 пайызға, 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімді 20 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізуге септігін тигізеді. Және вакцинаны тек биыл туылған сәбилер ғана алуға міндетті. Ал профилактикалық екпе күнтізбесі бойынша пневмоккоқа қарсы вакцинацияны сәби 3 рет алуы тиіс. Бірінші - 2 айлығында, екінші - 4 айлығында және үшінші - 12 айдан 15 айға дейінгі аралықта.
- Бұл вакцина сәбилер үшін қауіпсіз деп сенімді түрде айта аласыз ба?
- Біз басқа елдердің және өзіміздің тәжірибемізге сүйене отырып, бұл вакцинаны қауіпсіз деп толық айта аламыз. Қазір ешбір өңірде де сәбилерде осы вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелген емес.
Пневмоккок инфекциясы көбіне 5 жасқа дейінгі балаларда, 65 жастан асқан үлкендер және созылмалы аурулары бар адамдарда кездеседі. Н. Әзімбаеваның айтуынша, балаларды вакцинациялау арқылы үлкендерді де осы пневмоккок инфекциясынан сақтандырады.
Айнұр САПАРОВА