Бүгін республикадағы бүкіл БАҚ-тарда дерлік Атырауда үш жас жігіт бейнебақылау камерасына әдепсіз ишара жасап, ортаңғы саусақтарын көрсеткендіктері үшін 10 тәулікке қамалды деген жалған ақпарат таралып кетті. Алайда мұндай ишара да, қамау да болмаған екен.
Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, 22 сәуірде сағат 15.30-да «Атырау» ДСК-де №4056 бақылау камерасы темекі тартып болып, тұқылын жерге тастаған екі қыз бен жігітті «түсіріп алыпты». Содан кейін жастар камераны байқап қалған. Жігіт камера жақты («әне тұр» деп) қолымен көрсеткен, ал қыздардың бірі жанынан өтіп бара жатып, неліктен екені белгісіз, оны фотосуретке түсіріп алған. Г. Мұхтарова камераға ешқандай ишаралар жасалмағанын растап отыр. Патрульдік-күзет қызметінің қызметкерлері үшеуіне әкімшілік хаттама толтырған. Бірақ бақылау камерасына жасаған әрекеттері үшін емес, жерге тасталған тұқыл үшін жаза берген. Жас жігітке 6924 теңге мөлшерінде, қыздарға (олардың бірі ақтөбелік) одан аз – 5193 теңгеден айыппұл салынған.
Өткен жылы барлығы Атырау облысында түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 13 248 адам жауапкершілікке тартылған. Ал биылғы жылдың басынан бері 1 932 құқық бұзушыға жалпы сомасы 7 млн 764 мың теңгеге айыппұл салынды, 970 адамға 3-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА