2023-2024 жылға облыс бойынша 600 мың тонна мал азығы қажет. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша шаруагерлер бүгінде 115 мың тонна мал азығын дайындаған, яғни 23 пайыз ғана.
- Қызылқоға, Индер, Құрманғазы аудандарының өз жерлерінен шөп дайындап алуға мүмкіндік бар. Дегенмен Жылыой мен Мақат аудандары Қызылқоға жерінен қосымша шабындық жер алды. Өзімізде бар шөпті шауып алып, көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысынан шөп сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Салауат ӨТЕҒҰЛОВ.
- Шөптің бағасы қандай?
- Жалпы бағасы өткен жылғы деңгейден қымбаттаған жоқ. Күні бүгінде бір орам шөптің бағасы 6000-10000 теңге шамасындай. Біз барынша осы бағаны ұстап тұруға жұмыстанып отырмыз.
- Биыл мал азығын дайындаушыларға субсидия беріледі ме? Оны кімдер ала алады?
- Әрине. Былтыр облыс шаруаларына мал азығын дайындаушыларға 1,7 млрд теңге берілген болса, биыл 1,9 млрд теңге бөлінеді деп отырмыз. Шаруа қожалықтары тарапынан субсидия алуға өтінімдер 1 қараша мен 20 желтоқсан аралығында қабылданады. Субсидия кез-келген шаруаға берілмейді, оның өз талабы бар. Біріншіден ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру және селекциялық асыл тұқымды жұмыстың ақпараттық базасында аналық мал басы тіркелуі керек, екіншіден мал иесінің өз жайылымы болуы керек, үшіншіден аналық мал басының белгілі бір мөлшері болуы қажет. Яғни, ірі қара мал иелерінде 18 айдан асқан кемінде 25 сиыр мен қашар, ұсақ мал иелерінде 12 айдан асқан кемінде 200 қой, жылқы мен түйе иелерінде 36 айдан асқан кемінде 50 жылқы мен 50 бас түйе болуы тиіс.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор