Атырау, 30 қараша 12:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Спорт жаңалықтары

2 672 просмотра

Соңғы сәттегі гол

20 сәуірде футболдан Қазақстан чемпионатының 6-туры аясында «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Шахтер» (Қарағанды) командалары кездесті.

Еліміздің қазіргі чемпионы алаңда тек 1-таймның алғашқы кезінде ғана басымдыққа ие болды. Содан кейін ойын тізгіні алаң иелерінің қолына толықтай көшті. 35-минутта Айбар Нұрбеков допты қақпашыдан асырып лақтырып жіберген – қонақтарды қақпа бағанасы құтқарып қалды. 90-минутта жоғарыдан берілген допты Георгий Пейкришвили қақпаға бағыттаған, сәл ғана қиыс кетті. Алайда алаң иелерінің аянбай жасаған шабуылдары өз нәтижесін берді: төреші белгілеген қосалқы уақытта, ойынның ең соңғы секундтарында «Атыраудың» кезекті шабуылдарының бірінде «Шахтердің» қақпашысы допты қолынан шығарып алып, атыраулық Роман Пахолюк оңтайлы сәтті голға айналдырды. Стадион дүр сілкінгендей болды. Тартысты матчтың қорытындысы – 1:0, «Атыраудың» пайдасында.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Бізде тек «күміс» қана

19-20 сәуірде шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының плей-офф бәсекелері аясындағы финалдық серияда «Бейбарыс» командасы өз алаңында өткізген екі матчында да павлодарлық «Ертістен» ұтылып қалды.

19-ы күні ойынның негізгі бөлімі 0:0 есебімен тең аяқталып, овертаймда керекулік Сергей Мирошниченко «Ертіс» пайдасына бір гол соқты, есеп - 1:0. Ал келесі ойында қонақтар қарымтасыз үш шайба енгізіп, айқын басымдықпен ұтты.

Серия есебі 3:1, «Ертіс» алда (1:4, 5:2, 1:0, 3:0).

Естеріңізге салсақ, ел чемпионы атағына таласқан финалдық серия әр команданың төрт жеңісіне дейін созылады. 23 сәуірде «Ертістен» 1:2 есебімен ұтылды, сөйтіп біздің еншімізге күміс медаль тиді.

***

 

«Барыстар» сынға шықты

Ұлттық баскетбол лигасының ерлер командалары арасындағы плей-офф бәсекелерінің жартылай финалы аясында облыстық «Барыстар» командасы ақтаулық «Каспий» командасын шешуші ойында 83:75 есебімен ұтты.

Плей-оффта ойындар сериясы әр команданың үш жеңісіне дейін созылады. «Барыстардың» Каспиймен ойнаған сериясы қызықты болды: біздікілер 2:2 болған жалпы есептен кейін бесінші шешуші ойында жеңіске жетті. Бұл ойында командаға 23 ұпай әкелген Кристофер Макичин мен Эдгарас Желенис (15 ұпай) көзге түсті.

***

 

Ұстазды еске алу

«ҚазТрансОйл» ДСК-нде ҚР Еңбек сіңірген ұстазы Қатира Дүтбаеваны еске алуға арналған мини-футболдан ардагерлер арасында турнир өтті.

Турнирге Атырау қаласынан 8 және Махамбет ауданынан команда қатысты. Жартылай финалда «Атырау» командасы «Каспийді» 1:0 есебімен ұтса, «Болат» «Жайықты» 3:0 есебімен күйрете жеңді. Финалдық ойында «Атырау» «Болаттан» айласын асырып, турнирдің жеңімпазы атанды.

Турнирдің үздік ойыншылары: қақпашы - Айдын Аманшиев («Атырау»), қорғаушы - Исатай Кереев («Атырау»), сұрмерген - Жолмырза Рсалиев («Жайық»), шабуылшы - Руслан Мұхамедьяров («Болат»), ең пайдалы ойыншы - Арыстан Исмағұлов («Болат»).

***

 

 

Құрама іріктелді

3-БЖСМ-нің «Олимп» спорт залында 1996 ж.т. жәнеодан кішілер арасында волейболдан облыс чемпионаты өтті.

Жарысқа 8 команда қатысты. 1-орынды алаңқай иелерінің командасы (бапкері Н. Қайырлиев), 2-орынды 2-БЖСМ (бапкері А. Литвинова), 3-орынды Махамбет ауданының командасы  (бапкері С. Садықов) алды. Турнир қорытындысы бойынша 1-9 мамыр аралығында Ақтөбеде өтетін Жастар ойынына қатысатын облыс құрамасы іріктелді. Оның құрамына Айдана Досқалиева, Назерке Оқасова, Айкөркем Нұрлыбек, Анастасия Ли, Саида Жалелова, Алия Егорова, Анжелика Манелова, Альбина Ақылбекова, Айзада Темірханова, Айдана Хасан, Гүлжанар Уахит және Оралгүл Тастай енді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.