Су полициясының қызметкерлері сәуірдің 16-да Дамбыдан 42 жастағы жергілікті тұрғын әйелді ұстады. Оның пакетінде 4 келі қара уылдырық болған. Тергеу жүргізілуде.
***
Жылыой АІІБ-не Құлсары қаласындағы ЖШС-лердің бірінің басшысы ЖШС аумағынан белгісіз біреулердің 4 метр мыс желіні қолды қылғанына шағымданды. Зиян мөлшері 127 мың теңгені құрайды. ЖШС-нің 22 жастағы қызметкері ұрлық жасады деп күдіктелуде.
***
ҚІІБ-не Привокзальныйдың 26 жастағы тұрғыны хабарласты. Оның бұрынғы күйеуі, Авангардтың 30 жастағы тұрғыны қоқан-лоққы жасап, оған өзіне қоятын талабы жоқ екендігі туралы қолхат жаздырып алып, бұрын оларға сыйлыққа берген құны 3,6 млн теңге тұратын «Шевролет-Круз» көлігін алып кеткен. Бұрынғы жұбайына іздеу жарияланды.
***
Сәуірдің 21-не қараған түні «112» пультіне теміржол бөлімшесінің кезекшісінен Құлсары стансасында шамамен 0 сағат 30 минутта стансаның 31 жастағы қызметкерінің тауар пойызының астына түсіп қалғандығы туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Ол орталық аудандық ауруханаға «сол жақ табан бөлігі кесіліп», «сол жақ білегі сынған» деген диагнозбен түсті.
***
Батыс Қазақстан облысының 38 жастағы тұрғынына іздеу жарияланды. Ол 2011 жылы Атыраудың 33 жастағы тұрғынына жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, ақшасын алып, ғайып болған.
***
Сәуірдің 19-да ертемен Құрманғазы ауданында Дәшін-Ақкөл тас жолында Жыланды селосының 30 жастағы тұрғыны көлік рөліне ие бола алмай, оның ВАЗ-21103 көлігі аударылған. Алынған зақым салдарынан ер адам Ганюшкино селосының ауруханасында көз жұмды.
***
Сәуірдің 21-іне қараған түні облыстық ауруханаға «Память Ильича» саяжай поселкесінен көкірек қуысынан пышақ жарақатын алған 24 және 31 жастағы екі ер адам түсті. Оларды Береке поселкесінің 40 жастағы тұрғынының ұрып-соғып, пышақ жарақатын салғаны анықталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
***
Водников поселкесінің тұрғыны полицияға 21 сәуір күні таңертең оның үйіне белгісіз біреудің баса көктеп кіріп, күш қолданып, 8 мың теңгесі мен ұялы телефонын тартып алғанын мәлімдеді. Күдікті - Водников поселкесінің 30 жастағы тұрғыны ұсталды.
***
Сәуірдің 21-іне қараған түні Құлсарыда 25 жастағы жігіт 22 жастағы қызды зорлаған. Тергеу жүргізілуде.
***
Сәуірдің 21-де күндіз Томарлы поселкесінің маңында су полициясының қызметкерлері ілеспе құжатсыз 790 келі қара балық тиеген бортты «Газельді» тоқтатқан. Балық қожайыны – Атырауда уақытша тұрып жатқан Әзірбайжанның 35 жастағы азаматы боп шықты.
***
Атырау-Бейнеу тас жолында «Тойота-Прадо» көлігі Жылыой ауданындағы Майкөмген селосының 31 жастағы тұрғынын қағып кетті. Алынған зақым салдарынан ол сол жерде көз жұмды. «Тойота» рөлінде Өзбекстанның 51 жастағы азаматы болған. Тергеу жүргізілуде.