Атырау, 27 қараша 18:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Екі үлкен ауылға бір мектеп: наразылық неден шықты

1 666 просмотра

Жаңаталап ауылының тұрғындары ауылда жақында жаңадан салынып біткен «Сармат» мамандандырылған мектебінің алдына білім беру мәселесін көтеріп, наразылығын білдіру үшін жиналды.

Ресми дерек бойынша, Жаңаталап ауылында 4500-ге жуық тұрғын тұрады. Жыл сайын тұрғындар саны артып келеді. Ауыл іші мектепке зәру. Ауыл балаларының көбі көршілес 460 орындық Жамбыл орта мектебіне қатынап оқиды. Қазір онда 1200-ге жуық бала білім алып жатыр. Екі ауылдың арасы екі шақырым жер. Балалар жаяу барады, ал қыста, желде, таңда, қараңғыда көлікке мінеді. Қалған аз бөлігі қаладағы мектептерге барады. 

Мәселе мынадай: тұрғындар «Сармат» мектебі ауыл балалары үшін салынып жақанына сенімді болған. Бірақ құрылысы аяқталған соң «әскери мектеп» болатыны жарияланған.

- Біздің талабымыз, ең болмағанда осы мектепте бастауыш сынып оқушыларын оқыту. Өйткені, кішкентай балаларға Жамбылға жету өте қиын, - дейді белсенді тұрғын Аслан ОМАРОВ.

Ал осыдан бір ай бұрын ауылға отбасымен бірге көшіп келген Әйгерім СЕЙІЛБАЕВА Жамбыл орта мектебінің директоры «орын жоқ» деп баласының құжаттарын қабылдамаған:

- Директор маған «балаларды қай жерге отырғызамын, орын жоқ, қабылдай алмаймын» деп бас тартты. Енді мен қайда барамын? Бір емес, үш балам бар. Алысқа, қалаға қатынамаймын ғой.

Атырау ауылдық округі әкімі Нұрлан ҚАЛМУРЗИН тұрғындар жиналған жерге Жамбыл орта мектебі директорының міндетін атқарушы Жорғатай САЛЫХОВТЫ шақырды. Келіп жеткен ол тұрғындардың шағымын тыңдап алып, балаларды мектепке қабылдайтын болып шешкенін, бірақ жаңа оқу жылында үш ауысымға көшуге тура келетінін жеткізді. Жиналғандар оның өзін түзетіп: «былтыр онсыз да балалар үш ауысым оқыды ғой» деді. Директор бұл тек 0-1 сыныптар арасында болғанын айтты.

«АЖ» сауалдарына жауап берген ол «Сармат» мектебі физика, математика, химия пәндерін тереңдетіп оқытатын және әскер қатарына дайындайтын сыныптары бар мектеп болатынын хабарлады. Ол жаңа оқу жылында – 1 қыркүйекте ашылады.

Н. Қалмурзиннің айтуынша, Жаңаталап ауылының жыл сайынғы бюджеті 20-30 миллион теңге арасында. Мектеп мәселесін шешу үшін Жаңаталапта 300 не 600 орындық мектеп және осы ауылға қарасты Зарослый ауылында да 2000 орындық мектеп салу қарастырылып жатыр.

Тұрғындар облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ алдына барғанда, ол «Сармат» мектебіне бастауыш сынып оқушыларын оқыту ұсыныстарын қарастыруға уәде бергенін, алайда, уәдесінде тұрмағанын айтты.

Ол «Сармат» мектебіне Жаңаталап ауылының балаларын оқыту жөнінде ұсынысты қала әкімдігіне түсіргенін, бірақ оған рұқсат етпегенін айтты. Әкім мектеп құрылысы қаншаға шыққанын айта алмады. Ауылда қанша оқушы барын да «құжаттардан қарау керек» деді.

Н. Қалмузин қала әкімдігіне Жаңаталап ауылының балаларын «Сармат» мектебінде оқытуды ұсынғанын, бірақ нәтиже болмағанын айтты. Жиналғандар тағы да: «Бұл мәселе көп жылдан бері бар, ал сіз ұсынысты енді ғана бердім дейсіз!» - деп ашуланды.

Сәл кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өз атына айтылған ескертулерге жауап ретінде «АЖ»-ға мынадай түсініктеме берді: «Сармат» мектебі бастапқыда мектеп интернат болуы керек еді, мен әріптестеріммен ауылға бардым, Жаңаталап ауылының тұрғындарымен кездестім. Бастауыш сынып оқушылары осы мектепте оқыса деген әңгіме қозғалды, бірақ мен оларға уәде берген жоқпын. Тұрғындарға мектеп шынымен қажет екенін түсінеміз, осы мәселені шешу үшін келесі жылы ауылға мектеп салудың жобасын қарастырып, қазір жер мәселесі пысықталуда. «Сармат» мектебінде оқушылар саны жеткіліксіз болса, онда бастауыш сынып оқушыларын оқыту нұсқаларын қарастырамыз. «Сармат» мектебі 300 орынға және мектеп-интернат 150 орынға есептелген. Алынған мәліметтерге сәйкес, қазір 210 орынға 600 құжат тапсырылған, маған бұлардың басым бөлігі Жаңаталап ауылының тұрғындары екенін хабарлады. Бұл мектеп балаларды 7-сыныптан бастап қабылдайды, оның үстіне, тапсырылған құжаттардың ішінде Қызылбалық ауылының балаларының құжаттары бар».

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

19 шілде 2023, 13:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.