Атырау, 16 сәуір 15:20
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

«Қорғас ісі» бойынша 45 тұлға жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 3-еуі ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері

991 просмотра

АСТАНА, 23  сәу –Қазақстан жаңалықтары АА. «Қорғас ісі» бойынша 45 тұлға жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 3-еуі ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері  деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Тергеу барысында ұлттық қауіпсіздік және кедендік бақылау органдарының лауазымды тұлғалары қолдау көрсеткен ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың қылмыстық схемасы ашылды. Олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізуді қамтамасыз еткен.Қытайдан Қазақстанға тауарларды контрабандалық жолмен кіргізу, қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты алу және заңдастырудың схемасы ашылып, айыпты тұлғалар анықталды. Кеден органдарының қорытындысы бойынша 2011 жылы әкелінген және ұсталған контрабандалық жүктің құны 1,5 млрд. теңгені құраған.

«Қазіргі уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін 45 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр, олардың арасында ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 қызметкері, кеден қызметінің 15 қызметкері бар. Қылмыстық іс бойынша 42 айыпталушы тұтқындалды, 3 тұлғаға қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бөлек шығарылған қылмыстық іс бойынша 19 айыпталушыға іздеу жарияланды»,-делінген хабарламада.

Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың бақылауындағы 34 кәсіпорын анықталды, олар жасанды тұлғалардың атына рәсімделген және олардың мекен-жайына негізгі контрабандалық жүк ағымы жіберілген. Сондай-ақ қылмыстық схема бойынша құжаттарды рәсімдеген брокерлік компаниялар анықталды.

«Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың 2 көшбасшысы және қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты шоғырландырған 3 кассирі әшкереленді. Қылмыстық қауымдастықта атқарылатын рөлдеріне байланысты іс бойынша жауапкершілікке тартылып отырған тұлғалардың қатарынан жалған ілеспе және кедендік құжаттарды дайындаумен айналысып келген 6 брокер, контрабандалық жүкті алып жүру тобынан 8 адам, ҚХР-дан контрабандалық жүкті жіберуші 1 адам, кедендік бекеттерде жалған құжаттарды пайдалану арқылы контрабандалық жүкті кедендік тазартуды жүзеге асырған 8 айыпталушы анықталды»,-деп атап көрсетеді ведомстводан.

Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық мүшелерінің қылмыстық жолмен табылған мүліктерін анықтау бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 67 жылжымайтын мүлік объектісіне, 162 автокөлікке, банк есеп-шоттарында, сейф жәшіктерінде сақталған 69 млн. теңгеге, 1,5 млн. АҚШ долларына, 164 мың евроға, құны 1,5 млн. теңгені құрайтын алтынның 8 троя унциясына (284,828 грамм), құны 2,6 млн. теңгені құрайтын платинаның 10 троя унциясына (311,035 грамм), құны 1,1 млн. теңгені құрайтын палладийдің 10 троя унциясына (311,035 грамм) тыйым салынды.

«Сондай-ақ, айыпталушылардың тұрғын үйлерін тінту барысында 10,2 млн. теңге, 354 мың АҚШ доллары, 70 мың араб дирхамы, 52 мың ресей рублі, 61 мың қырғыз сомы, 5 мың ағылшын фунт стерлингі сомасындағы қолма-қол ақшалай қаражат, сондай-ақ ірі көлемдегі құнды заттар алынып, тыйым салынды (белгілі өндірушілердің зергерлік бұйымдары, қол сағаттары және т.б.)»,-делінген баспасөз хабарламасында.

Заңсыз табылған қаражатты заңдастыру компаниялар желісі арқылы, атап айтқанда, «ТАТ Кредит» кредиттік серіктестік» ЖШС арқылы жүргізілген, оның жетекшісі лауазымды тұлғалар еңгізген ақшалай қаражаттың негізінде оларға Алматы және Астана қалаларындағы тұрғын-үй кешендеріндегі қымбат тұратын пәтерлер және басқа мүліктер сатып алуды, олардың және отбасы мүшелерінің карточкалық есеп-шоттарын толтыруды, шетелдік сапарларын төлеуді және т.б. қамтамасыз еткен.

Дереккөз: newskaz.kz

24 сәуір 2013, 09:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.