10 шілдеде Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи қызметінен кетті: экс-әкімнің ендігі қызметі қандай екені әзірге белгісіз. Әйтсе де, тарихи тұрғыда, әкімдер қала басшылығынан кейін тікелей кәсіпорын директоры қызметіне ауысады немесе облыс әкімі аппаратында қызметін жалғастырады. Жалпы, әртүрлі. Қала басшыларының «кейінгі» өмірлері қалай өрбігенін шолып өтейік.
Тасмагамбетовтің сарбазы
Айта кетсек, «әкім» ұғымы Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін енгізілді. Сондықтан алдымен жаңадан Гурьев атауы өзгертілген Атыраудың бірінші әкімі болған Нұрпейіс МАХАШЕВТАН (1992 – 1993 ж. қараша) бастайық. Оған қайта құрудан кейінгі қиын кезеңде басшылық етуге тура келді. Ол ішінара 1993 жылғы су тасқынының зардаптарын жою және қысқа дайындық мәселелеріне қатысты түсініспеушілікке байланысты облыс басшылығына (Сағат Түгелбаев тұсында) қатты сын айтып, қызметінен кеткен еді. Содан кейін «АТМА Атырау әуежайы және тасымалдау» БК бас үйлестірушісі қызметін атқарды, алайда 1999 жылы Атырау облысы әкімінің қызметіне жаңадан кіріскен Иманғали Тасмағамбетовтің орынбасары болып қайтадан саясатқа оралды. «Мен Тасмағамбетовтың нағыз сарбазымын», - деді ол сұхбаттарының бірінде. Айтпақшы, 2008 жылы Елбасы дәуіріндегі Қазақстан туралы жазған кітабына қарағанда Назарбаевтың да... Сондай-ақ әр уақытта «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК президентінің кеңесшісі, «ЕмбіМұнайГаз» ААҚ президенті қызметтерін атқарды, депутат болды. Қазір Нұрпейіс Махашұлы 77 жаста, Исатай, Мақат, Жылыой өңірлерінің құрметті азаматы.
Нарегеевтің транзиттік вагоны
Бекболат Нарегеев (1993 - 1995) өзінің қала басшысы лауазымынан соң діттеген жеріне – теміржолға оралды. Әкім қызметінен кетіп, өзіне жақын көлік бағытын таңдап, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Қатынас жолдары комитеті төрағасының орынбасары, кейін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ жол қозғалысы қауіпсіздігі департаментінің директоры болды. Ғаламтордан оның аты-жөні жазылған салалық мақалаларға қарағанда, ол осы саладағы өз жолына шындап кірісті. Оған осы жол жақын екені анық, өйткені ол теміржолшылар әулетінен шыққан, ал саяси мансабын есіне де алмайды. Айтпақшы, Бекболат Қойжанұлы – КСРО Қатынас жолдары министрлігі мен ҚР КжКМ құрметті теміржолшысы.
Әкімнен оппозиционерге дейін
Жалғас Тікенбаев қаланың су тазарту және дренаж жүйелерін қайта жарақтау идеясын алға тартып, «Атырау қаласын дамыту стратегиясы» аясында қала әкімшілігі Дүниежүзілік банктің несие желісінің 23-25 млн доллар көлеміндегі бірінші траншын алатынын айтты. Бірақ ол жүзеге аспады. Әкім қызметінен кеткеннен кейін (1995 ж. – 1998 ж. қазан) мансабын Қазақстандағы «Sinopec Engineering CO, LTD» филиалы директорының орынбасары ретінде жалғастырды. Қоғам қайраткері ретінде «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық блогының Атырау облысы бойынша қозғалысын басқарып, 2010 жылға дейін «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қалалық филиалын басқарды. Жалғас Мұсаұлы әлсін-әлі биліктің әрекетін сынға алды: дағдарыс туралы, жұмыссыздық туралы, «Самұрық-Қазынаға» қарсы болды және т.б. Екі жылда митинг пен пикет өткізуге 14 өтініш беріп, сонша рет бас тарту алып, рекорд орнатты. Содан кейін ол «Азаттан» кетті. Шамасы, «оппозицияның перспективасы жоқтықтан» көңілі қалып, жалпы, саясаттан шаршаған болса керек. Бірақ бұл оған биыл өзін-өзі ұсыну тәртібімен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына өз кандидатурасын ұсынуға кедергі болған жоқ. Алайда округтен басқа адам депутат болды.
Құрылыс жайында
Арыстанғали Әшімғалиев (1998 жылдың қарашасы – 1999 жылдың маусымы) келесі әкімге жол беріп, «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС құрылыс жөніндегі басқарушы директор, сонымен қатар бас директордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. Басқа қызметте «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды. Ақырында, оның мансабының шыңы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарушы директоры лауазымы болды. Оның инвестициялық холдингтегі қызметі, үй-жайларда оттегі мен көмірқышқыл газының қалыпты арақатынасын сақтауға арналған желдету технологиясы және Беларусьтен әкелінетін плитка, сылақ, қасбет бояуларының импорты туралы бірнеше хабарлама бар. Арыстанғали Қуанайұлы туралы ғаламтордағы бар ақпарат осы. Бір қызығы, Атырау қаласының әкімі деген жоғары шенді лауазымда 8 ай қызмет атқарса да, оның тіпті фотосуреті де жоқ.
Энергетик, эколог, аңшы
Дүйсенбай Тұрғанов (1999 жылдың ақпаны – 2002 жылдың мамыры) облыстың екі әкімі – Тасмағамбетов пен Дәукеевтің тұсында қаланы басқарды. Сол кезде Атыраудағы дренаж жүйесінің құрылысы басты тақырыптардың бірі болды. Канал құрылысына бюджеттен 1,5 млрд теңге және кейіннен қайта жарақтауға (қалқымалы сорғы станциясын салу және шлюздер орнату) 170 млн теңге бөлінді. Канал Атырау ықшамауданынан бастау алды. Әуел баста теңізге – өзінің табиғи тарихи арнасына дейін созылуы керек еді. Қаланың және Ерік Мостовой каналының дренаж жүйесін жобалау, салу және пайдалану үшін, 2001 жылы «Дренаж» КМК құрылып, ол 2006 жылға дейін жұмыс істеді. Бірақ мұның бәрі қалай аяқталғанын білесіздер. Аяқталмаған жобаға 20 жылдан асты, ал биыл оны тегістеп тастау туралы шешім қабылданды.
...Бірде аңшылық сәтсіз болып, қала әкімі Тұрғанов пен облыс әкімінің орынбасары Фархат Ерғалиев оқ жарақатымен дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Ол жерде не болғанын анықтау мүмкін болмады, бірақ адамдар бірі бірінен өткен түрлі қорқынышты әңгімелер айтып жүрді.
Әкімдіктен кейін ол «Каспийстройсервис» ЖШС президенті болды. Одан кейін бес жыл бойы «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ вице-президенті болды. Ол көптеген құрметті қызмет атқарды: ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің вице-министрі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің вице-министрі, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ бірінші вице-президенті, жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің жетінші шақырылымының депутаты. Ол Атырау облысынан Мәжіліске депутат болған кезде Жайық өзенінің тайыздануы, Атырау облысында электр қуатының жиі өшуі, электр және жылу энергиясы саласындағы тарифтерді белгілеу саясатын қайта қарау және жаңарту, т. б. өткір мәселелерді көтерген болатын. Осы жылдың наурызынан бастап ол тағы да ҚР Парламенті Мәжілісінің сегізінші шақырылымының депутаты болды.
Бас газ беруші
Манас Тасыбаев (2002 - 2006 ж. 2 ақпан) бас пошта бөлімшесінің слесары қызметінен Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, бізге Аслан Мусин командасының құрамында келді. Қала әкімі лауазымынан кейін ол Бергей Рысқалиев тұсында Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысты. 2009 жылы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның батыс өңірі бойынша басқарушы директоры, кейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры, содан кейін бас директоры болды. Соңғы үш жылда «QazaqGaz Qurylys» ЖШС бас директоры қызметін атқарып, бүгінге дейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) қызметін атқарып келеді.
Айтпақшы, оның арқасында біздің жерлесіміз Сәуле Бисенова әйгілі «Поле чудеске» Мәскеуге барды: ол демеушілер тартып, оған билет пен Якубовичке кәдесый сатып алып берді.
Оның тұсында қалада «аппендикс» атанған облыстық әкімдіктің жапсаржайы бюджеттен 17 мың долларға сатылып, сол бюджеттен 250 мыңға сатып алынған кезде дау туған еді. Бірақ бұл істің, әрине, Манас Мұхитұлына еш қатысы жоқ.
Сырттай сотталған
Біздің тізімнің жұлдызы – 9 ай қала басшысы болғаннан кейін (2006 жылдың ақпаны – 2006 жылдың 3 қазаны) облыс басшысы ретінде Ақ үйге ауысқан Бергей Рысқалиев. Ол облысты 6 жыл басқарды. 2012 жылдың тамызында Назарбаев Атырауға келіп, оны «денсаулығына байланысты» отставкаға жіберді. Одан кейін «Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты» атышулы сот процесі өтіп, Бергей Рысқалиевтың өзі інісімен бірге шетелге қашып, сырттай сотталды. Алайда 2020 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот тәркіленген мүліктің қомақты бөлігін қуғынға ұшыраған әкімге қайтару туралы шешім шығарды. Алайда 2012 жылғы үкім жалпы күшінде қалды. Бірақ бұл оның халық арасында танымал болуына кедергі емес, ол әлі күнге дейін серпіліс әкелген әкім болып саналады.
Ол Бергейді биліктен кетірді деген болжам бар
Сәлімжан Нақпаев (2006 ж. қазан – 2009 ж. желтоқсан) қала әкімі қызметінен кетіп, екі рет қатарынан – 2009-2010, одан кейін 2013-2017 жж. Атырау облысы әкімінің орынбасары болды. Осы аралықтағы қысқа үзілісте ол Аджиптің Қазақстандағы өкілдігінде басшылық қызметте жұмыс істеді.
2012 жылы Нақпаев «өз бетінше билік еткені үшін» 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Ол мұны Б.Рысқалиевтың нұсқауымен жасалды деп есептеп, түрмеден президентке хат жолдап, Атырау облысы әкімдігінде жемқорлықтың қаншалықты белең алғанын баяндады. Алайда хаттың мәтіні жария етілмеді. Нақпаев хатта Бергей Рысқалиев қолданған сыбайлас жемқорлық схемаларын сипаттап, осылайша президенттің «көзін ашты» деген болжам бар. Біреулер Назарбаевтың «көзін ашқан» мүлде басқа адамдар және олардың мақсаты Бергейді емес, сол кездегі оның қамқоршысы құдіретті Аслан Мусинді «талқандау» болды деп есептейді. Сол 2012 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы сот Нақпаевты толығымен ақтады. Алайда, 2017 жылы Нұрлан Ноғаев облысқа басшы болған соң, Нақпаев мемлекеттік қызметтен кетіп, «Ембімұнайгаз» компаниясына жұмысқа ауысты.
Сол жылдың маусым айында Сәлімжан Жұмашұлы «AМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары болып тағайындалды.
Полицей үшін нашар орта
Мереке Есмұратовты (2009 жылдың 22 желтоқсаны – 2012 жылдың 21 ақпаны) Бергей Рысқалиев қала әкімі қызметіне тағайындап, екі жылдан кейін өзіне орынбасар етіп алды. Бәлкім, Атырауда, тіпті Гурьев облысында да мұндай мемлекеттік басшылық қызметтерге алғаш рет полиция қызметкері тағайындалған шығар. Бұл тағайындауға дейін ол Ішкі істер департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген еді.
Ол билік еткен кезде лаңкес-жанкештілерге қатысты сұмдық оқиға болды: 2011 жылдың қазан айында облыс әкімшілігі мен прокуратураның жанында екі жарылыс болды. Сол кезде жалпы лаңкестер туралы және оларды ұстау туралы көп хабарлама болды, сондай қиын кездер де болған еді. 13 ақпанда ол отставкаға жіберілді.
Мереке Отарұлының игі істерінің бірі – қалада қоқыс жәшіктерінің жаппай қолданысқа енуі.
«Үзілген» мансап
Білімі заңгер Асқар Керімов прокуратура органдарында жұмыс істеген. 2012 жылдың 21 ақпанында Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтың ұсынысымен Атырау қалалық мәслихаты бірауыздан қала әкімі етіп сайлады. Ол енді қызметіне толық кірісіп үлгермей, 6 айдан соң (21.02.2012 ж. – 20.08.2012) « Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына» қатысты тергеуге алынды: ол іс бойынша айыпталып, сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. 2015 жылдың маусымында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Үш әкімнің тұсындағы орынбасар
Серік Айдарбеков Бергей Рысқалиев тұсында облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды, кейін Атырау қаласының әкімі болды (2012 жылдың 20 тамызы – 2014 жылдың 19 маусымы). «Болашағы зор, өте сауатты адам» деп сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бағалаған болатын. Серік Кенғанұлын Атыраудан астанаға алып кетті.
Айдарбеков әкім болған кезде облыс прокуратурасы облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде таңғаларлық сандарды баяндады: жалпы 2012 жыл мен 2013 жылдың 1-тоқсанында 306 адамнан тұратын балық қорғау қызметі браконьерлікпен байланысты бірде бір қылмысты анықтамады. Сонымен қатар, қаланы дамытудың 2045 жылға дейінгі Бас жоспарының тұжырымдамасы қабылданды: қала тек солтүстікке қарай, Жайық бойымен кеңейеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Атырау қаласының әкімі Айдарбековке қатысты қала ішінен дүкен салуға жер телімін алу үшін жергілікті тұрғынның құқығын қалпына келтіру туралы сот ісі қаралды. Кезінде әкім оған рұқсат бермеген, ал тұрғын сотта жеңді.
Серік Айдарбеков Бергейдің тұсында ғана емес, Досмұхамбетов пен Шәпкеновтің тұсында да әкімнің орынбасары болды. 2022 жылдың наурызында мемлекеттік қызметкерлердің санын оңтайландыру мақсатында ол қызметінен босатылды. Айта кету керек, оның отставкаға кетуі «келеңсіз себепке» байланысты болмағанын атап өткен жөн.
Айтпақшы, атыраулықтардың ашу-ызасын тудырған жаппай жиектас (бордюр) орнату оның тұсында басталған еді. Қызметінен кеткен соң оның ісін, дәлірек айтсақ, Бордюр аға деп Атырау жұртшылығы ат қойған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ісін келесі әкім жалғастырды.
Блогерлерді ұнатпайтын спортшы, студент әкім
Нұрлыбек Ожаев ең спортшы шенеунік деген атқа ие. Ол күрестен Қазақстанның екі дүркін чемпионы және ҚР спорт шебері. Бірақ саясатқа оралайық. Екі жыл әкім болғаннан кейін (2014 жылдың 19 маусымы – 2016 жылдың 14 шілдесі) саяси қызметін жалғастырып, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Одан кейін VII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, кейін VI және VII шақырылымдағы Атырау облыстық мәслихатының депутаты болды. Ол партиядан сайланған Мәжіліс депутаты бола отырып, сот процесіндегі істер туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялауға тыйым салуды заңнамалық деңгейде ұсынып, сол арқылы пікір бостандығына және сот репортажы сияқты жанрға қауіп төндірді. Бірақ кейін ойын өзгертіп, журналистерді мүлде ренжіткісі келмегенін айтты. Ол наразылығының «өзін журналистпін деп есептейтін блогерлерге» қатысты екенін жеткізді.
Айта кету керек, ол билік еткен кезде зираттар мәселесін шешті: барлық 27 зират қауымы мемлекеттік тізілімге енгізіліп, қала әкімдігінің балансына алынды, қазір мұнда салыстырмалы тәртіп сақталған.
Қаламыздағы «Естелік қабырғасы» оның тұсында жасалған. Бір қызығы – 46 жасында ол қайтадан студент атанып, заңгер мамандығы бойынша екінші дипломын (біріншісі – инженер-механик) алған.
Ожаев қоғамдық жұмыстармен де айналысады, Атырау облысы дзюдо федерациясының президенті және республикалық «Исатай батыр» қоғамдық қорының жетекшісі.
Осы жылдың мамыр айынан бастап «Ембімұнайгаз» АҚ омбудсмені қызметін атқарады.
Қазіргі әкім
Серік Шәпкенов (14 шілде 2016 ж. – маусым 2018 ж.). Қала әкімі болып сайланғаннан кейін ол Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары (Нұрлан Ноғаевтың тұсында) қызметін атқарды. Одан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі және министрі болды.
Бірде журналистер Серік Жамбылұлынан 42 500 теңгеге (2020 жылғы пандемия кезіндегі ең төменгі жалақы) өмір сүре аласыз ба деп сұрады.
«Иә деп жауап бере аламын, мысалы, 42 500... Мен 42 500 теңгеге өмір сүре алар ма едім дейсіз бе? Бірақ менің ойымша, әр жағдайда жалақыны жұмыс беруші белгілейді. Егер жоғары сұранысқа ие маман болса, жұмыс беруші оған неге 42 500 теңге төлейді?», – деді Серік Шәпкенов сол кезде. Оның жауабы бүкіл елде, әсіресе, аз қамтылған отбасылар арасында түрлі пікір туғызды.
Серік Жамбылұлы Атырау облысының қазіргі әкімі.
Әлимұхаммед сөзінде тұрды
Осындай жауапты қызметті атқарған Әлимұхаммед Құттымұратұлы Атырау тарихындағы ең жас 35 жастағы әкім атанды. Ол Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Орал командасының (өзі ақтөбелік болса да) сапында келіп, өз еркімен қызметінен кеткен әкім ретінде танымал.
Оның игі істерінің бірі - Дружба көшесі, 14-үйдің бойындағы апатты үй тұрғындарын көшіру болды. Сол кезде 1950 жылдары салынған қираған үйдің қабырғалары опырылып, подъездің күнқағары тұрғындардың басына түсті. Әлимұхаммед оларды қоныстандыруға уәде беріп, уәдесін орындады.
Айтпақшы, жаңа жағалауды абаттандыру идеясы оның тұсында жасалған.
Қаланы басқарғаннан кейін (2018 жылдың 28 маусымы – 2020 жылдың 14 қаңтары) «Жайықмұнай» ЖШС бас директорының орынбасары болды, содан кейін Ноғаев тұсында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, саясатқа қайта оралды.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
«Жасыл»
Табиғатты сүйгені үшін «жасыл әкім» деген лақап атқа ие болған Қайрат Оразбаев өмір бойы мұнай саласында еңбек етіп, «AМӨЗ» ЖШС бас директорына дейін көтерілді. 2 жыл әкім болған кезі (2020 жылдың 17 қаңтары - 2022 жылдың 14 қаңтары) пандемияның ауыр сынағымен өтті. Досмұхамбетов командасының құрамында болған ол да басқалар сияқты дәрі-дәрмек пен дәрігерлердің жоқтығынан мемлекет басшысының сынына ұшырады.
Жақсы жақтары да бар - оның билігі кезінде қоғамдық дәретханалар пайда болды. Драма театрының жанындағы демеушілердің ақшасына отырғызылған 9 метрлік сұлу көгілдір шырша да оның еңбегі. Өкініштісі, жерсінбей қалды. Көшеттерді, гүлзарларды, қоршаулар мен бұталарды отырғызуды оның өзі қадағалағанын айтады. Ал 30 мың шаршы метр жерге көгал төселіп, қазір Азаттық пен қаланың басқа да жерлері жасыл желекке оранып тұр.
Оның тұсында қаланың 12 көшесіне он желі бойынша суару жүйесін тарту мәселесі шешіліп, Балықшы ықшамауданында екі гектар жерге жеміс ағаштары мен бұталар отырғызылды (олар қурап қалған жоқ).
Алайда қаңтар оқиғасы кезінде қала әкімінің халық алдына шықпауы жергілікті тұрғындарды қатты ренжітті. Сол кезде ол демалыста болған, кейін сырқатына байланысты демалыс алған. Бұл әдетте жиі болатын. Сөйтіп ол 2022 жылдың қаңтарында өз еркімен қызметінен кетті.
Жарқын болашаққа алға!
Мейірім Қалауи (2022 жылдың 4 наурызы - 2023 жылдың 10 шілдесі). «Болашағы зор жігіт» - ол үздік бітірген университетте ол туралы осылай дейтін. Мейірім дипломын алғаннан кейін бірден РФ Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі атанды. Ол еңбек жолын «төменнен» бастаған жоқ, мансап сатысында жоғары көтерілді. Алдымен БАҚ саласында – «Атырау-Ақпарат» КМК-да басшылық қызметтерде, 2006 жылы оның төрағасы болды. Содан кейін тікелей мемлекеттік қызметке ауысып, жүйелі түрде Индер ауданының әкімі, одан кейін облыс орталығының әкімі қызметіне дейін көтерілді. Оның ісіндегі келеңсіздіктердің бірі – қала әкімінің орынбасары болып тұрған кезінде прокуратура әкімдіктің мемлекеттік ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийді сақтамағанын анықтады. Қалауиге тәртіптік жаза (сөгіс) берілді.
Ал 2019 жылы «АЖ» жеке тұрғын үй құрылысына заңсыз берілген жерлерге қатысты жағдайды анықтады. Бұл барлығы шамамен 105 жер телімін құрады. Құжаттарда қаланың бұрынғы әкімі Асқар Керімовтің, қала әкімінің орынбасары Әділбек Нұрлығожиевтың, қала әкімінің орынбасары Әділбек Зайдуллиннің, әкім орынбасары Мейірім Қалауидің қолдары бар... Соңғысы да өз жерін алған, бірақ «АЖ»-ға берген сұхбатында ол бәрі заңды болғанын айтты. Жарайды, бұл өткен нәрсе. Енді оның қызметін Шәкір Кейкин жалғастырды. Оған сәттілік тілейміз.
Мейірім Қалауиге келсек, оның әкімнен кейінгі қызметі әзірге жұмбақ. Бірақ тарихта экс-әкімдердің ғайып болуы сирек, оның бір жердің басшысы немесе біреудің орынбасары болары сөзсіз.
Айта кету керек, өкінішке орай, қазір көзі тірі бұрынғы әкімдердің жақсы істерімен қатар, жаман істерін де бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА