Атырау, 25 қараша 16:17
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үлкен Бекіре балалары

8 850 просмотра

Өткен жексенбі күні таңертең Курилкино бекіре өсіру зауытында осы айдың басында «Амангелді» ӨК балықшылары ұстаған қортпаны («Үлкен Бекіре күні») «босандыру» басталды. Өкінішке орай, 300 килограмдық «ана» үшін бұл соңғы күн болды. Тасымалдау кезінде алған жарақаттары және өте үлкен салмағы мен күшіне (бұл алыптың қасына жақындау да мүмкін емес) байланысты оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бір қуанарлығы, балық шынымен «алтын» екен – оның ішінен 41 келі уылдырық алынды (қара базарда қортпа уылдырығының бір келісі 200 мың теңге тұрады). Барлық уылдырық қайта өндіруге жұмсалды. Шамамен бір айдан кейін 500-600 мың шабақ дүниеге келуі керек.

 

БЕКІРЕЛЕРДІҢ ТАҢҒЫ САУЫМЫ

Осы таңда зауытта тағы екі бекіре аналығы босандырылды. Асыл тұқымды аналардың толғағы сәтті өтті – мамандар оларды тірілей сауып алдық дейді. Алынған уылдырықтың жалпы салмағы – 8,5 кг. Фототілші екеумізге осы бір ерекше үдерісті көрудің сәті түсті.

Үш аналықты «босандыру» күні алдын ала белгіленді. Бекіре зауытының директоры Ғилыман СӘРСЕМАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бұл күндері қортпа мен бекірелер үшін уылдырық шашуға қажетті температура орнықты – хауыздың суы 13 градус жылылыққа дейін көтерілді. Сондықтан да бұдан бір күн бұрын қортпаға, екі бекіреге және алты аталық балыққа уылдырықтар мен шаһуаттарды тез жетілдіретін балық гипофизінің сығынды екпесі салынды. Біздің мамандарға көмектесу үшін астрахандық әріптестері де келген екен; ресейліктер өздерімен бірге УДИ-аппарат алып келіпті.

Сағат 10-да УДИ-диагностикадан бекіре аналықтарының бірі өтті. Мониторда мыңдаған қара нүктелер. Бұл уылдырық түйіршіктері.

- Жетілудің бесінші кезеңі, - дейді зауыттың бас балық өсірушісі Майра ЗҰЛҚАШЕВА. – Аналық босануға дайын.

Салынған екпелер бекірелерге қортпаға қарағанда тез әсер етеді, бұл олардың салмақтарының аздығына байланысты. Аталықтардың да кезегі келді – ұрықтарын сауып алу үшін біреуін хауыздан ұстап алды. Алайда, өкінішке орай, алты бекіре ішінен тек біреуінен ұрық сауып алудың сәті түсті.

- Олар жетілмеген екен, - дейді Ғ. Сәрсемалиев. – Астрахандық әріптестері де түсінбеуде, балық өзенге кіргесін, жетілген, дамудың 3 және 4-кезеңдерінде болуы керек еді.

Алынған шаһуаттардағы сперматозоидтер белсенділігін байқау үшін микроскоппензерттейді. Бес балдық шкаламен бағалайды екен, ең жоғарғы балл көптеген жасушалар белсенді дегенді білдіреді. Сауылған шаһуатты 4 плюс деп бағалады. Оны салқын суға салып қойды.

Бұл кезде ең маңызды сәт – бекірелердің босануы басталды. Балықты желбезегі мен құйрығынан ұстаған зауыттың тәжірибелі «акушерлері» сауу операцияларын бастады. Сәлден кейін ақ ыдыстың іші қара уылдырық түйіршіктеріне толды. Алайда үдеріс тоқтап қалды.

- Іш қуысының сұйықтығы жоқ, - деп түсіндірді мамандар. – Су ағып кетті, сондықтан да уылдырықтың шығуы қиындады. Бірақ бұл қауіпті емес.

Туушыға пинцетпен көмектесті. Міне, ыдысқа қара түйіршіктер саулап құйыла бастады – бекіре аналығы барлығы 3,5 келі уылдырық берді. Уылдырықты 1 келілік мөлшерлемелерге бөліп салып, әрі қарай ұрықтандыруға дайындады.

Бір мөлшерлемені ұрықтандыру үшін небары 10 милилитр шаһуат керек екен – оны сумен араластырып, уылдырық салынған ыдысқа құяды. Сперматозоидтар жұмыртқа жасушасына кірігуі үшін оны үш минуттай оны айналдыра былғайды. Келесі кезең – желімсіздендіру деп аталатын үдеріс: ұрықтанған уылдырықты өзен лайымен араластырып, арнайы аппаратқа құяды.

- Табиғатта, аналық ұрық шашқанда, тасқа жабысып қалу үшін уылдырықтардың жабысқақ қасиеті болады. Біздің жағдайда жабысқақтықтың қажеті жоқ, сондықтан да уылдырықты инкубациялық аппаратқа салмастан бұрын желімсіздендіріп аламыз, - деп түсіндірді Сәрсемалиев.

Үдеріс 45 минут уақыт алады. Ұрықтанған уылдырық әлі де жетіле түсу үшін инкубаторларға салынады. 10-12 күннен кейін, температураға байланысты, дернәсілдер (личинка) пайда болады. Олар кішкене өскеннен кейін, тоғанға жіберіледі.

 

ОЛ ӨТЕ ҮЛКЕН БОЛДЫ...  

Міне, қортпаның да мезгілі келіп жетті. Ер адамдар хауызға түсіп, ішін қарау үшін оны шалқасынан аударуға тырысты. Алайда қортпа тулап, құйрығымен әрлі-берлі соққылап, хауыз ішін дүрліктірді. Маған осы бір үнсіз тіршілік иесі өз ажалын сезіп тұрғандай әсер қалдырды.

Алайда біраз алысқаннан кейін ол басылды. Судан үлкен қызыл қарын көрінді.

- Бұл оның үйлену той көйлегі, - дейді Сәрсемалиев.– Уылдырық шашар алдында аналықтардың іші қызарады.

Судан бірнеше уылдырық түйірін тауып алып, бізге көрсетті:

 

- Көріп тұрсыздар ма, қалыпты, жақсы уылдырық. Жұмыртқа сперматозоид қабылдауға әзір.

- Өкінішке орай, қортпаның уылдырығын сауып алуға мүмкіндік жоқ, - дейді астрахандық Василий.– Біріншіден, оның салмағы өте үлкен. Екіншіден, ол жарақаттанған.

...Үлкен Бекіренің жарылған ішінен уылдырықтарды алып, ыдыстарға сала бастады. Балық өсірушілер мұны қолмен тазалау, яғни, түйіршіктерді қабықтарынан қолмен ажырату дейді екен. Бұл үдеріске барлығы, тіпті қадағалаушылар да кірісіп кетті.

- Көріп тұрсыздар ма, кей жерлерде қатты жетілу іздері көрінеді, - деді Василий сүттенген уылдырық түйіршіктерін көрсетіп. – Бірнеше сағаттан кейін бұл уылдырықты қайта өндіруге қолдана алмайтын едік. Сондықтан да қортпаны өлтіруге тура келді. Біз Еділде әрі кетсе 150-200 келі болатын қортпаларға ота жасай береміз, ал бұл үш центнер тартып тұр...

Егер алға қарай бәрі жақсы болса, Курилкино зауыты жазда Жайық өзенінен биыл ауланған жалғыз аналық қортпадан жарты миллион шабақ жібере алады.

- Қортпаның етін не істейсіздер?– деп сұрадым зауыт директорынан.

- Бұрын сататын едік. Алайда үш жылдан бері зауыттарға балық сатуға тыйым салды. Әзірге мұздатқышта сақтайтын боламыз, мүмкін өңдеуге тапсыруға рұқсат берер...

 

АДЖИПКЕ БАЛЫҚ САЛЫҒЫН САЛЫҢЫЗДАР

Табиғаттың мейірімінен үміт күтіп отыра беруге болмайды, өзіміз де әрекет етуіміз керек деп есептейді ресейліктер.

- Сіздердің зауыттарыңызға бүгінгі күннен бастап өздерінің 1 000 – 1 500 бастан тұратын аналық үйірлерін қалыптастыру керек. Сонда ғана қызыл балыққа көмектесуге және бұдан пайда табуға шынайы мүмкіндік туады, - дейді Василий. Ол Астрахандағы жеке компаниялардың бірінде бас балық өсіруші болып жұмыс жасайды. – Алайда өз аналық үйіріңді жасау үшін мемлекет тарапынан мықты қолдау керек. Біздің ресейлік зауыттар жоспардың көп бөлігін өз үйірлері есебінен береді. Тек 20-30%-ы ғана жабайы балықты аулаумен жабылады.

Сұхбаттасушыммен әңгімелесе отырып, Ресейдегі бекіре тұқымдастарын өсіру көлемін қазақстандықпен салыстыруға келмейтінін түсіндім.

- Біздің мемлекеттің талабы бойынша «Лукойл» мұнай компаниясы экологиялық бағдарлама бойынша үш жылда Каспийге 45 млн шабақ жіберуі керек. Олай болмаған жағдайда, оған бұл жерден мұнай өндіруге тыйым салады. Бұл бағдарламаға біздің барлық бекіре зауыттарымыз бен жеке компанияларымыз қатысады. «Лукойл» ақша төлейді, ал біз шабақ өсіреміз. Бізде Астраханда жалпы қуаты 60-70 млн шабақ болатын алты бекіре өсіру зауыты бар (салыстыра қарасақ, Атырауда жалпы қуаты 7 млн болатын екі бекіре зауыты бар), - дейді орыс маманы. – Біздің зауыттар жеке аналық үйірлерін қалыптастырады. Биылғы жылы олардың әр қайсысы 300 бекіре аналықтарын ұстады. Олар балықтарға операция жасап (уылдырықтарын сауып), өздеріне қалдырады, жасанды жемге үйретеді. 4-5 жылдан кейін балықтар қайтадан жетіледі. Осылайша, балық пайда әкеле бастайды.

Мәселен, біздің компанияда 1 000 бекіре аналығы бар. Біз үйірді жасауды 2001 жылы бастадық, міне сол кездің өзінде компания иелері жағдайды түсініп, барлық аналықтарды тірі қалдырды, яғни, уылдырықты тірілей алды. Қазір бізде жыл сайын 200-300 аналық жетіледі. Біз қиналмай-ақ 20 млн түйір ұрықтанған уылдырық шығара аламыз. Бұл 6-8 млн шабақ. Біз уылдырықты қайта өндіру мақсатында сатамыз. Әрине, егер біз уылдырықтың 90%-ын қайта өндіруге, 10%-ын тамақтық мақсатта шығарсақ, жақсы болар еді. Алайда қазір бәрі керісінше болып тұр.

- Қайсысы тиімді?

- Әрине, ұрықтандырған уылдырық көп пайда әкеледі. Біз оны түйірлеп сатамыз, бір түйір – екі рубль. Екі түйір уылдырықтан бір үлкен балық пайда болады. Уылдырық түйірінен тауарға дейінгі үдеріс бес жыл уақыт алады.

Астраханда бірінші бекіре өсіру зауыты 60-жылдарда салынды. Бұл шешім 1956 жылы Волгоград тоғанын салғаннан кейін қабылданды. Бұл құрылыс бекіре тұқымдастардың барлық табиғи уылдырық шашатын жерлерін қиып тастаған еді. Сіздерде ондай қажеттілік болған жоқ. Қазіргі уақытта балық өсіру қызметіне шын берілген энтузиастар жоқ. Жастар мұндай жұмыстармен шұғылданғысы келмейді, бәрі бизнеске бет бұрған. Оларды материалды түрде қызықтырған дұрыс болар. 10 жылдан кейін біз, шалдар, кетеміз, сонда кім жұмыс жасайды? Кезінде мен Астрахан балық техникалық оқу орнында (рыбтуз) оқығанда, 150 адам ихтиологқа тапсыратын еді, қазір 5-6. Көптеген жеке шаруашылықтар жақсы балық мамандарын іздеп жүр және олар жақсы ақша төлеуге де дайын. Алайда таба алмайды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ         

23 сәуір 2013, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.