Атырау, 20 сәуір 07:40
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Үлкен Бекіре күні (фото, видео)

14 926 просмотра

Өткен жексенбіде таңертең «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары аумен шамамен 300 келі тартатын уылдырықты қортпа шығарды. Бұдан 20 жыл бұрын мұндай балықпен ешкімді таңғалдырмас едіңіз, алайда қазір бұл - үлкен олжа.

 

АЛҒАШҚЫСЫ МА, ӘЛДЕ СОҢҒЫСЫ МА?

Иә, бұдан жиырма жыл бұрын гурьевтік балық аулау колхоздарының ауларына тонналық бекірелер түсіп, балықшылар бекіре уылдырығын центнерлеп тапсыратын. Соның бәрін жандәрмен болған онжылдықта өзіміз аулап, құрттық. Енді несіне қуанамыз? Соңғы қортпаға ма? Бір көңілге жұбаныш болатыны, осы қортпадан (тек осы балық үшін ғана сенімдімін) кішкене шабақтар өсіп, теңізге кетеді.

Күндізгі сағат 11-де «Амангелді» ӨК-нің құрылтайшысы Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ маған телефон соғып, қуанышты хабарымен бөлісті. Ал бір сағаттан кейін екеуміз Курилкино бекіре зауытының директоры Ғилыман СӘРСЕМАЛИЕВПЕН және Дамбы балық қорғау инспекциясының инспекторы Нұрлыбек ӘШЕНОВПЕН бірге екі бекіре зауыттарының Төменгі Пешное тартымына катермен бардық. Бұл күні кооператив балықшылары Курилкино зауытына қызыл балық аулап жатқан.

- Бұл биылғы алғашқы қортпа, - деді Ғ. Сәрсемалиев қуанышын жасыра алмай. – Тартым басындағы біздің ихтиолог қортпаның уылдырығы бар деп айтты. Балықты жарақаттап алмас үшін, оны зауытқа барып өлшейміз, бұл өте ауыр үдеріс. Мен қортпа шыққанына қатты таңғалып отырмын, Жайықта бұлар қалмаған болар деп ойлап едім.

- Орташа қортпадан қанша шабақ алуға болады?

- Егер онда 30 келі уылдырық болса, шамамен айтқанда, бұл 1,5 млн түйір деген сөз. Алайда әр кезеңнің өз шығындары болады – барлық үдеріс кезінде 10-15%-ды құрайды. Шығындардың 25-30% болатын кездері де болады, мәселен, су сапасына байланысты. Ұрықтандыру уақытында да, личинка кезінде де, шабақ болғанда да жоғалтамыз. Нәтижесінде, 1,5 млн түйір уылдырықтан, шамамен алғанда, миллион шабақ алатын боламыз. Алайда, осы жалғыз қортпа біздің жоспарымыздың 30 пайызын орындауға мүмкіндік береді.

СӘЛЕМ, ҮЛКЕН БАЛЫҚ

Біздер тартымға да жеттік. Ұзын қонышты резіңке етік киген балықшылар суда тұрып, ау шығарып жатыр. Ауларына ұсақ қара балықтар мен шоқыр түскен екен. Соңынан есептегенде, шоқырлар саны бесеу екен, олар тартым басында өлшеніп, суға кері жіберілді.

- Бізде аталық шоқырлар көп, олар ұсақ болып келеді, сондықтан да біз оны кері суға жібереміз, - деп түсіндірді Сәрсемалиев.

Бас олжа тірі балық сақталатын кершік ішінде. Бұл – балық тасымалдауға арналған, әр бөліктерінде өзен суы еркін кіріп тұратын тіліктері бар арнайы темір қайық. Сары түсті арнайы киім киген екі балықшы бізге қортпаны көрсету үшін кершік ішіне түсті. Лай судан еш нәрсе көрінбеді. Жігіттер балықты сипалап жүріп, ұстап алуға тырысты. Кенет су шайқалып, қатты тулаған үлкен балық көзімізге көрінді. Ол құйрығымен құтыра соққылап, су шашыратты. Ақыры балықшылар балықтың айқұлағы мен құйрығынан ұстап, төсін жоғары көтеріп, бізге түгелдей көрсетті. Шынымен үлкен балық екен.

 

- Мұндай балық қара нарықта 30 мың доллар тұрады, - деді Мұрат Әмірғалиев.

Балықшылар өз кәсіби көздерімен балыққа 200 келіден аса салмақ берді. Олардың айтуынша, үш метрлік балық оңайлықпен ұстатпаған, ол ауды жарып, кетіп қала жаздады. Алайда «Амангелді» ӨК-нің звено жетекшісі Өмірұзақ ӘЗБЕРГЕНОВ оны ұстап қалып, аумен орап тастаған. Бұл уақытта басқалар да көмекке келіп үлгерген:

- Бізде 20 шақты балықшы болды, әрең алып қалдық, - дейді Өмірұзақ.

«Амангелді» ӨК-нің тартым меңгерушісі Сәбит ТІЛЕПБЕРГЕНОВзвено жетекшісінің әрекетін ерлікке теңейді:

- Біздің маусымға қойылған екі бекіре зауытына тапсыратын қызыл балық бойынша жоспарымыз бар. Міне осы үлкен қортпа жоспарымызды орындауға үлкен үлес қосады.

Осы тартымда балықшылар осы жексенбілік ауысымда 1 қортпа және 15 аталық шоқыр ұстады. Ауға ұсақ қара балықтармен бірге үлкен жайын түсіп қалыпты (бейне жазбаны қараңыз).

Тірі балық салатын кершікті сүйреуге алған Курилкино зауытының кемесі оны ең төменгі жылдамдықпен зауытқа алып кетті. Ол зауытқа 2,5 сағаттан кейін жетеді.

 

НӘЗІК ЖАНДЫ БАЛЫҚШЫ

Біз балықшыларға оралдық. Олар тағы да кезекті ауларын тартып жатыр. Ауда қортпа жоқ екені бірден анықталды.

- Олар ауға түссе, тулайды, секіреді, құйрығы көрінетін кездері де болады, - деп түсіндірді олар.

Ау жайлы шықты. Олжа үлкен емес, бірнеше сазан ғана.

Балықшылар арасында екі әйел де бар екен. Жаңылсын апа (суретте) 35 жылдан бері балықшының жұмысын атқарып келеді. Отбасында 5 баласы бар, ең кіші қызы 18-де:

- Әр ауысым сайын суда 6-7 сағат боламыз. Қиын, әрине. Бірақ, су жағасында тұрып, балық ауламағанда не істейміз? – деп орнынан тұрып, ау жинауға кірісті.

 

ҮШ ЖЫЛДА ТӨРТ ҚОРТПА

- Шынымен, қортпа сирек кездесетін балық па? - деп сұрадым Мұрат Әмірғалиевтен.

- Иә, бұл балық тапшыға айналды. Алдыңғы жылы уылдырықты бір қортпа ұстадық, одан 62 келі уылдырық шықты. Тағы біреуін «Атыраубалық» тапсырды. Өткен жылы «Інжу-маржан» ӨК бір қортпа тапсырды. Олар жоғалып бара жатыр. Ресейде, мысалы, жыл сайын 50 млн шабақ жіберсе, Иран да көп шығарады – ал біздің екі зауытқа 7 млн шабақты шығаруға ғана мемлекеттік тапсырыс берілген. Зауыттарда штат саны аз, жалақысы төмен, олар менің балықшыларым сияқты жұмыс жасамайды. Бекірелерді зауытқа тапсыру керек деп өз қарамағымдағыларды көндіруімнің қандай қиын болғанын білсеңіз! Олар қызыл балықты көргенде, естерінен танып қалады. Бұл ескіден қалған әдет. Мен оларға қара балық аулап та жақсы ақша табуға болатынын түсіндірдім, мен оларға әр аулаған балықтарың үшін жақсы ақша төлеймін деп сөз бердім.

Әмірғалиев оларды алдаған жоқ. Балықшылардың жалақысы, басқа кооператив балықшыларымен салыстырғанда, жоғары. Ынталандыру жүйесі де бар. «Қортпа» ұстаған звеноның жетекшісі Түркияға демалуға баратын болады.

- Мен жақсы балықшыларды жоғары лигадағы үздік футболшыларды таңдағандай іздеймін. Жыл сайын озат еңбеккерлерді Таиландқа, Түркияға жіберемін. Менің балықшыларым өз істерінің шеберлері деп ойлаймын.

 

«БРАКОНЬЕРЛЕРДІ ТЕҢІЗДЕ ҰСТАУ КЕРЕК»

- Браконьерлерді теңізден іздеу керек, - деп есептейді Әмірғалиев. – Қазір дағыстандық, ресейлік, қалмақ заңсыз балық аулаушылары жоқ сияқты. Бекіре зауыттары, өндірістік кооперативтер кенеттен браконьер атанды. Ақылға сыйымсыз. Браконьерлерді теңізде ұстау керек және мұнымен шекара әскерлері айналысуы керек. Біріншіден, балықтың жыл сайын көшетін өз жолдары бар екенін жұрттың бәрі біледі. Дағыстандықтар теңіздегі осы балық жолдарын ау құралдарымен бітеп тастап, балықтың өтуіне жол бермейді.

 

ШАБАҚТАРҒА ӘКЕ КЕРЕК

Бекіре зауытының айлағында ваннасы бар көлік тұр. Барлығы бекіренің келуін күтуде. Сәрсемалиевтың айтуынша, 20 минут қалды. Алайда бекіре зауыты директорына телефон шалынып, «Бекіре» кемесі бұзылып қалғанын хабарлады. «Амангелді» ӨК-нің кемесі көмекке ұмтылды.

- Міне, біздің техникамыз қандай? Егер біз өз күшімізбен аулаған болсақ, мемлекеттік тапсырысты орындай алмаған болар едік. «Амангелді» ӨК бізді осылайша үнемі құтқарып отырады.

Сонымен, бас олжа да келіп жетті. Қортпаның хауызға салмастан бұрын, оны өлшеді: салмағы – 276 кг, ұзындығы – 260 см. Қанша уылдырығы бар екендігі кейіннен белгілі болады.

- Бұл орташадан жоғары салмағы бар өсіп-жетілген аналық балық. Шамамен бір аптадан кейін қортпаны басқа хауызға ауыстырады, онда уылдырықты, біздің тілімізше, жыныстық өнімдерді алу операциясы жүргізіледі, алайда бұл үшін керекті уылдырық шашу температурасы болуы керек. Біз уылдырықты сауып алуға тырысамыз, алайда бұл жүзеге аспаса, ішін жарып алатын боламыз.

Енді бекіре зауытына уылдырықты ұрықтандыру үшін аталық қортпа керек. Қолдан ұрықтандырғаннан кейін уылдырық түйірлерінің дамуына бір аптадан 10 күнге дейін уақыт керек. Осыдан кейін личинкалар пайда болады. Ай жарым-екі айдан кейін личинкалар шабаққа айналып, салмақ жинайды. Шілде мен тамызда оларды өзенге жібереміз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ

9 сәуір 2013, 09:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.