Бразилияда сот 1992 жылы Карандиру түрмесіндегі тәртіпсіздіктерді қанды жолмен басуға қатысқан 23 полицейге қатысты үкім шығарды.Соттың шешіміне сәйкес айыпталушылардың әрбірі 156 жылдан жаза алды.
Би-би-си хабарлағандай, Карандирудегі қасап жөніндегі іс бойынша барлығы 83 адам айыпқа тартылуда. Әзірге олардың 23-і ғана үкім алып үлгерді. Тағы 3 адамды соттың өзі ақтап шығарды.
Сан-Паулу қаласында орналасқан Карандиру түрмесіндегі қырғын 1992 жылғы қазанда орын алды. Полиция қамаудағылардың екі тобы арасында тұтанғалы тұрған қақтығыстың алдын алу деген желеумен түрме ішіндегі тазарту ұйымдастыруға шешім қабылдады. Оның құрбандығына 111 тұтқын ілікті: олардың 9-ы пышақпен өлтірілсе (оларды қамаудағылар бауыздаған деген болжам бар), тағы 102 сотталушы полицейлердің оғына көз жұмған.
Агенттік хабарлағандай, Бразилия прокуратурасы қамаудағылардың басым бөлігі өз камераларында, олардың да көпшілігі жақын жерден атылған оқтан қаза тапқан деген ұйғарымға келді. Операция барысында сондай-ақ бірде-бір тәртіп сақшысының шығын болмағаны анықталған.
Күдік келтірілген полицейлердің қорғаушылары олардың кінәларын мойындарына қою мүмкін емес деп есептейді. Өйткені, қамаудағыларды нақты кімдердің атқаны белгісіз. Қорғаушылар бұған қоса полицейлердің бар болғаны бұйрық орындаушы болғанын алға тартады.
Дереккөз: egemen.kz