Атырау, 27 желтоқсан 01:04
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Атырау облысына ресейлік ұшқышсыз ұшатын аппарат құлады

4 193 просмотра

Көрнекі сурет.Көрнекі сурет.19 сәуір күні күндіз Атырау облысы Құрманғазы ауданының Балқұдық селосына жақын жерге әскери мақсатта қолданылатын ұшу аппараты құлады. Оның көршілес Ресейдің Астрахан облысының бірдей атаудағы теміржол станциясы маңында орналасқан Ашулук әскери полигонынан ұшырылған болуы әбден мүмкін.

- Менің балаларым сол уақытта қыстақтағы малды қарауға кеткен еді, - дейдіБалқұдық селосының тұрғыны, аудандық Мәслихаттың депутаты Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ. - Олар ракетаның дәл үстерінен бірнеше шақырымда төмендеп ұшқанын айтты.

Ракета құлағанда қатты дүрсіл мен лезде қою қара түтін көрінген.  

Жергілікті тұрғындардың хабары ресми түрде расталды.

Құрманғазы аудандық ТЖБ бастығы Ө. ЖАМАНҒАРИНөзінің осы жылғы 20 сәуірде аудандық әкімдікке бағыттаған хатында «19 сәуір күні сағат 18.30-да Құрманғазы ауданы, Балқұдық селосының солтүстк-шығыс бағытында шамамен 12 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақкөлдеу» учаскесіне айрықша танымдық белгісі жоқ ұшқышсыз ұшу аппараты құлаған. Оқиға болған жерге ТЖ, прокуратура және шекара қызметінің қызметкерлері келіп жетті» деп хабарлайды.  

Сондай-ақ, ұшу аппаратының ұзындығы шамамен 12 метр, қанатының көлемі 2,5 метр деп хабарланып отыр. Ұшқышсыз ұшатын аппарат құлаған кезде 3 бөлікке бөлінген. Бөлшектерінде қызыл жұлдыздың суреті және орыс тіліндегі жазуларды аңғаруға болады. Оқиға орын алған жердегі өлшенген радиациялық фон қалыпты, жарылыс жануарларға немесе адамдарға зақым келтірмеген. Ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектері Ресейдің құзырлы органдарына беріледі, делінген ТЖ хатында.

Естеріңізге салсақ, дәл осындай жарылыс 2002 жылы да болған еді. Ол кезде Ашулук әскери полигонынан ұшып шыққан ракета Балқұдық селосына қарасты «Кіршік» учаскесінде құлап, орнында тереңдігі 19, ені 12 метр алып шұңқыр пайда болған болатын.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

«АЖ» анықтамасы: Ашулук – Ресейдегі әскери полигон. Астрахан облысында Ашулук теміржол стансасынан шығысқа қарай орналасқан. Әуе қорғаныстары әскерінің зениттік-зымырандық қару-жарағын сынауға және сол қаруларды қолданып әскери оқу-жаттығулар өткізуге арналған. Ресми атауы: зениттік-зымырандық әскери жасақты ұрысқа дайындау жөніндегі 42-ші оқу орталығы (қысқаша: 42 УЦБП ЗРВ). Кеңестік дәуірде полигон КСРО-ның екі аумағында – Ресей мен Қазақстанда болған. Оған бөлінген 120х38 км алаң толықтай Астрахан облысының шекарасында орналасқан, ал басқа бөлігі Қазақстанда қалған. Әскери атыстың апатсыз болуын қамтамасыз ету үшін қосымша жалпы алаңы 20 650 га болатын қауіпсіздік аймағы енгізілген. Полигонда Ресей мен ТМД елдерінің әскери зенитті-зымыран жасақтары үнемі оқу-жаттығу өткізіп тұрады. 

22 сәуір 2013, 12:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.