Атырау, 27 қараша 18:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құлсарыда мүгедектер арбасын пайдаланушылар белсенді өмір сүруді үйренуде

1 335 просмотра

"Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен "Біз де адамбыз" қоры іске асыратын "Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту" жобасын ұйымдастырушылар аудандарға көшпелі сабақтар өткізе бастады. Бұл бірегей мүмкіндікке бірінші болып Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы мүмкіндігі шектеулі тұрғындар ие болды.

5-7 шілде аралығында Орталық стадион базасында мүгедектер арбасында толыққанды өмір сүрудің практикалық дағдыларын алуға бағытталған тренингтік және спорттық-сауықтыру іс-шаралары өтті. Оған 5 мүгедектігі бар жан, нұсқаушы-оңалтушылар және еріктілер қатысты. Жобаның ерекшелігі - бұл жерде білім беру саласында және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту кезінде қолданылатын бүкіл әлемде танымал "теңбе-тең" әдісі жүзеге асырылды. Мысалы, жобаның барлық жаттықтырушысының өздері мүгедектер арбасын пайдаланады. Яғни, олар бұл жағдайды жеке тәжірибелерінен біледі, өздері де қатысушылармен тағдырлас. Бұл қатысушыларға да, жаттықтырушыларға да ұят пен ыңғайсыздық сияқты эмоционалды кедергілерден аулақ болуға мүмкіндік береді.

- Мен өзім "Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту" жобасының түлегімін, ал қазір Құлсарыда біз мүгедектер арбасындағы басқа адамдарды толыққанды өмір сүруге үйретіп жатырмыз. Жобаға келгеннен кейін менің өмірім күрт өзгерді, мен жаңа достар тауып, спортпен шұғылдана бастадым. Көбірек жаттығып, жетістікке жетуді мақсат тұттым. Нәтижесінде, жақында алғаш рет шетелде болдым, армрестлингтен Азия чемпионатына қатысып, екінші орынға ие болдым. Бұл жарақат алғаннан кейін ешнәрсеге қызығушылық танытпаған адам үшін өте жақсы деңгей деп ойлаймын, - деді жобаның нұсқаушы-реабилитологы Есенжан МАҚСОТОВ.

Лагерьде курсанттардың әрқайсысы мүгедектер арбасында өз бетінше өмір сүру бойынша барлық қажетті білім мен дағдыларды үйренеді: мүгедектер арбасын басқару дағдысы, дене шынықтыру және спортпен шұғылдану дағдылары және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдылары.

- Мен мұндай шараға алғаш рет қатысып отырмын. Бізге "дені сау жандар үшін қарапайым, бірақ мүгедектігі бар жандар үшін қиын" әрекеттер үйретілді. Мысалы, өз бетіңізше тамақтану, киіну және т. б. Бізге тренерлер өзгенің көмегіне барынша мұқтаж болмай, дербес өмір сүруді үйретті, - дейді лагерьге қатысушы Берекет өз әсерімен бөлісіп.

Ұйымдастырушылар лагерьдің басты қағидатын – дербестікті дамыту қағидатын сақтай отырып, еріктілер мен жаттықтырушылар қажет болған жағдайда оларға күтім жасауға, мерзімді катетеризацияға және төсек жараларын мерзімді тексеруге көмектескенін ғана атап өтті. Қалған уақытта қатысушылар ұсыныстарды мұқият орындап, мүгедектер арбасында еркін және толыққанды өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетті.

- Биыл жоба өзінің географиясын кеңейтіп отыр. Сонымен қатар, жаттықтырушылар – бұл бірінші жылы беларуссиялық жаттықтырушылардан оқып, нәтижесінде тренер атанған түлектер. Бұл жобаның тұрақтылығын көрсетеді, - деп атап өтті ТШО компаниясының қазақстандық қамту бөлімінің үйлестірушісі Сәрсен ЕРБОЛОВ. - Жылыой ауданы біз үшін маңызды. Бұл жерде біздің қызметкерлер жұмыс істейтін өндіріс орналасқан, ауданда олардың отбасылары тұрады. Бұл жоба Құлсары қаласында іске асырыла бастағаны қуантады. Біз инклюзивтілік принципін қолдаймыз. Осыған дейін «Теңізшевройл» ЖШС 30 жылдық мерейтой қарсаңында Жылыой ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға құны 36,5 миллион теңге болатын жаңа инватакси сыйға тартқан болатын. Сондай-ақ оларға спортпен және бимен айналысуға арнайы арба сыйлады. Бұдан басқа, биыл ТШО Жылыой ауданын дамытудың жаңа бағдарламасын іске қосты, оның шеңберінде Құлсары қаласының №8 ОМ-де ауданда білім беруді дамытуға жәрдемдесу үшін STEAM зертхана ашылды. 2010 жылдан бастап ТШО өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 123 әлеуметтік жобаны қолдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 шілде 2023, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.