Атырау, 27 қараша 19:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Гурьев балық консерві комбинаты: Алыптың айбыны мен ақыры

Сурет Бейнежазба
2 180 просмотра

1978 жылдың көктемі. Гурьев балық консерві комбинатының «Қызыл бұрышы» мерекеге сай безендірілген. Жұмысшылар қатты дайындалып, өздері пір тұтатын - Бывалый, Трус, Косой және Пан Зюзюді қуаныштан толқып күтті. Евгений Моргунов, Георгий Вицин, Савелий Крамаров және Зиновий Высоковский жан-жақтан созған зауыт жұмысшыларының күс-күс қолдарын қысып, жұмысшы қыздарға үздіксіз қошемет сөздер айтып, жарасымды әзіл-қалжыңмен қағытып отырды. Бір концерт берді, одан кейін екіншісі кетті, уылдырыққа тойып, мұздатқыштағы үлкен бекіре тұқымдас балықтарды саусақтарымен түртіп көріп, таңдай қағысты. Түскі үзілістің соңында тарих боп қалған фотосуреттер мен жылы әсер қалдырып, кетіп қалды.

Кеңестік кино жұлдыздарының сапары кезіндегі суретті Б.Баймұханов қалпына келтірді. Ортада Иван Калмурзин, Георгий Вицин және Евгений Моргунов, артқы жағында Әлібек Түсібалиев.

Бүкіл КСРО-ға әйгілі балық консерві комбинатына атақты адамдар келді, кеңестік ғарышкер-ұшқыш Павел Попович, Министрлер кеңесінің төрағасы Николай Рыжков, Қазақ КСР-нің көптеген маңызды лауазымды тұлғалары, атақты әншілер мен ансамбльдер болды.

Айтпақшы, комбинаттың өз оркестрі де болды - үрмелі аспаптар оркестрі, эстрадалық ансамбль, волейбол командасы және көптеген әнші, музыкант және қолөнер шеберлері бар еді. 70-ші және 80-жылдардың бірінші жартысында балық консерві комбинатының гүлденіп тұрған кезінде негізінен Балықшы, Жұмыскер және Курилкин тұрғындарынан 5 мыңнан астам адам жұмыс істеді.

– Бізге, балықшылықтарға жету оңайлау болды, ал Жұмыскер тұрғындарын жұмысқа өзеннің арғы бетінен таситын, – деп еске алады Ленин атындағы Гурьев балық консерві комбинаты кәсіподақ ұйымының бұрынғы төрағасы Батырбек ЮСУПОВ. – Өзеннен өткізушілер адам басына 5 тиыннан алатын, өтушілерде шек болмады. Ал қыста екі жағалауды ағаш басқышпен жалғап, үй мен жұмыстың екі ортасына солай қатынайтын.

 

КҮМБЕЗ АСТЫНДА

Комбинат іргетасы қаланған жылдан бастап қызметкерлер мен цехтарға ғана емес, жұмысшылардың өздері күтіп-баптаған гүл мен ағаштарға да толы болды.

– Комбинатқа 16 жаста келдім, мені жүк тиеуші етіп жұмысқа алды. 6 сағаттық жұмыс күнімде консервілердің қаңылтыр жоңқаларын да, жәшіктерді де тасыдым, не болмады дейсің, – дейді Б.Юсупов. - Біз кедейшілікте өмір сүрдік, 12 жасымда әкем қайтыс болды, анам үш ұлды жалғыз өсірді. Ол жерде қарнымды тойдырып алам, олай етуге болмайтын шығар... Жаңа дайындалып, консервілерге әлі салынбаған майшабақтан, дәмдеуіштер қосылған томат қайнатпасы мен 16 тиын тұратын ыстық нанның құрышынан дәмді ештеңе жемеген сияқтымын.

Түскі үзілісте – бір жарым сағат – жұмысшылар сәкіде асықпай әңгімелерін айтып, қарағаштардың көлеңкесінде ұйықтап, үстел теннисі немесе волейбол ойнап, демалатын. Сол жерде достасты, ғашық болды, шаңырақ құрды. Жас Батырбек өзінің Галинасымен сол жерде танысып, ғашық болған. Екеуі бес бала тәрбиелеп отырған отбасының құрылғанына жарты ғасырға жуық уақыт болыпты.

– Комбинат ішінде күмбез астындағыдай өз микроклиматымыз болды, – дейді ол. - Мен мұндай жанашыр, бауырмал ұжымды басқа жерден кездестірмедім; әлі де араласатын достарымның бәрі сол ұжымда істеді... Жаназаға, той, туған күнге бүкіл цех болып, артық әңгімесіз бір рубльден жинайтынбыз. Бейсенбіде «тазалық күні» болатын, Балықшы кентін тазалауға шығамыз. Бүгін демалысың бар ма, жоқ па, қарамай бәрі шығатын. Балықшылар Мәдениет үйінде кино көретінбіз, кейін біздің балықшылық Юра Финкельберг сол жерден алғашқы видеосалонын ашты.

80-жылдардың аяғындағы қиын жылдарда зауыт бізді аштықтан құтқарды. Әлі есімде, әр қызметкерге 2 кесек сабын, 2 бөтелке арақ, 1 келі сары май және 1 литр күнбағыс майы, 10 келі балық өнімдері, көмір беретін. Неге көмектеспеске? Иә, қиын болды, бірақ сондай көңілді, ұйымшыл болдық! Ол кездегі мерекелер қандай еді!

 

ЖАСТАР «ЕРМЕГІ» ЖӘНЕ ДӘМДІ БАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ

Батырбек аға 1 мамыр мен 7 қарашада балық комбинатының жұмысшылары мерекелік «жұмысшылар шеруіне» белсене қатысқанын айтты. Қаланың Ленин атындағы негізгі көшесі арқылы жүк көліктерімен екі қортпаны алып өткен. Сол кездегі қолда бар ең ауырын, салмағы бір тоннадайын таңдаған. Бұл Гурьевтегі үлкен мерекелердің ішінде ерекше болды, шеруге қаланың түкпір-түкпірінен және қала шетінен көрермендер мен қатысушылар жиналды.

– ...Балық аулау маусымында қалаға теңіз қатынасы мен балық шаруашылығы жоғарғы оқу орындарының студенттері, Одақтың түкпір-түкпірінен тәжірибе алуға жастар келетін, – дейді Батырбек аға. – Төбелес дегендер кө-өөп болатын. Әр дискотека сайын Балықшы саябағында «мореходканың» басқа жақтан келген студенттері (бұрын техникум қазіргі Ломоносов атындағы мектепте болатын) мен біздікілер (ол күндері Балықшы мен Жұмыскердің сотқарлары уақытша өзара бітім жариялаған) елді шулатып, төбелесетін.

Әлі есімде, студенттер шалбарындағы белдіктерін шешіп, жұдырықтарына орап алатын, ал біздікілер қолдарына таяқ ұстайтын. Оларда белдік қайдан болсын, бізде ондай жоқ еді, шалбардың өзін киетінбіз! Не үшін төбелестік? Территория үшін, қыздар үшін, жалпы... жастық қой бәрі. Үсті-басымыз ісіп-көгеріп, сонымен тарасамыз.

Осы уақытта комбинат ассортиментін кеңейтті. Не шығармады дейсің: бекіре палауының, бекіре шоғалының консервілері, қызанақ соусында қуырылған қара балық котлеттері, шоқырдан майшабаққа дейін томат соусында қуырылған балықтың барлық түрі...

Ммм, бәрін санамалау мүмкін емес, тек консервінің 20-дан астам түрі болды. Ассортиментте балық өнімдерінің 100-ден астам түрі шығарылды, салқындатылған және мұздатылған бекіре мен қара балық түрлері, ысталған және қақталған өнімдер, бекіре балығы өнімдері, банкалардағы түйіршікті уылдырық, филе және тартылған еттер. Сондай-ақ балық кулинариясы - қуырылған, пісірілген балық түрлері, балық-көкөніс салаттары, балық орамдары, шұжықтар. Ауыл шаруашылығы үшін балық қалдықтарынан жемдік ұн өндірілді. Айта кету керек, соғыс жылдарында сарбаздарға балықтан кептірілген нан мен концентраттар дайындау ұсынылды, бұл да соғыс уақытында шығарылды.

 

«СТАХАНОВШЫЛАР» БЕС ЖҮЗ АДАМ!

Комбинатпен және жалпы балық шаруашылығымен байланысты төрт қызметкер әр жылдары ең жоғары еңбек марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Бұлар – Айнаш Байжігітова, Ибраш Құдайбергенов, Ізтұрған Оразбаев және Хасан Өтегенов. Басқа да ордендермен және медальдармен марапатталғандар – Алексей Карамышев, Таисия Юдина, Қожақ Бөлекбаев, Әжіғали Қуандықов, Керей Қабдулов, Қайыржан Әлиев, Сәлима Биғалиева, Людмила Жигулевцева, Аяп Қуанышев, Надежда Толстова, Айтжан Жалғаспаев, Қадиша Шәріпова, Игпар Каберов және басқалар.

Айтпақшы, Гурьев округіндегі стахановшылар қозғалысы дәл балық консерві зауытында басталып, 1936 жылдың қыркүйегінде мұнда 500-ге жуық «стахановшылар» болды. Комбинатшылар жұмысқа жоғары қабілеттілігімен қатар қарапайым адами қасиеттерімен де ерекшеленді. 1945 жылы наурызда комбинат жұмысшылары Қызыл Әскер қорына сол кездегі өлшем бойынша орасан зор сома аударғанын бірі білсе, бірі білмейді. Тіпті тарихи-өлкетану музейінде қойылған ресми құжат бар. Иосиф Сталин: «Гурьев балық консерві комбинатының барлық жұмысшыларына өз жеке жинақтарынан Қызыл Армия қорына 612 000 рубль аударғаны үшін бауырластық сәлемімді және алғысымды жолдаймын!» - деп, алғыс жеделхат жолдады.  

Ал сәл бұрын, 1935 жылы Гурьев балық консерві комбинатының ұжымы Қазақ Республикасының құрылғанына 15 жыл толуы құрметіне орай алған мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын орындағаны үшiн облыста алғашқы болып республиканың Ауыспалы Қызыл Туын жеңiп алды. Ал комбинат бұл туды мәңгілік сақтауға 1946 жылы қарашада – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық еңбегі үшін алды.

 

ҚҰЛДЫРАУ

90-жылдары кәсіпорынның жеке қолға өтуіне («Атырау Балық» деп өзгертілді) байланысты көп жанжал орын алды. Жабдық пен теңіз техникасын сатып алудағы қаржылық алаяқтық, оны кейіннен күлкілі бағамен сату, оның бұрынғы даңқын қалпына келтіреміз деген нәтижесіз үміт...

Он жылдан бері кәсіпорын ресми түрде жұмысын тоқтатып, бұзылуын күтіп, құлыптаулы тұр.

– Жанынан өтіп бара жатсам, жаным жабырқайды, – дейді Батырбек аға.

...Өндірістің гүрілі, конвейердің шуы, көңілді күлкі, ер-әйелдердің әңгімесі, қаңылтыр сыңғыры, тиелген жүк баржасындағы шашыраған толқын, балғын, ысталған, қуырылған балықтың иісі. Бұрынғы комбинаттың сыры кеткен қақпасынан басымды жартылай сұғып, осының бәрін елестетуге тырыстым. Қаланың азан-қазан шуы шынымен де күмбездің астында қалғандай. Сайраған құстардың орнын қарғалардың қарқылы, гүлдердің орнын жусан мен көкпек басқан. Бұл жерде мүлгіген тыныштық орнапты: аңызақ жел аллеяның жарылған асфальтына оларды баяу ұшырып жатыр. «...Олардың да тағдыры адамдардың тағдырына біршама ұқсас» деген сөздер есіме түсті.

Сол жерде тордың ар жағындағы ағаштардың бұтақтары дірілдеп, кәрі саусақтарын созып, балық өнеркәсібінің бұрынғы флагманы – ұйықтап жатқан батырдың денесін ұяла жабуға тырысқандай болды.

Болды, болды, кеттім, ұйықтай берсін.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автор түсірген, балықшылықтардың отбасылық мұрағатынан және тарихи-өлкетану мұражайынан алынған суреттер 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

1931 жылы 4 қазанда болашақ Гурьев балық консерві комбинатының іргетасын салтанатты түрде қалау рәсімі болды.

1932 жылы 15 мамырда нысан жылына 60 мың центнер балық тұздайтын «алдыңғы балық зауыты» ретінде пайдалануға берілді (Жайық сағасына салынған торлардың бірінші шебі алдыңғы деп аталды). Консерві және уылдырықты-балық зауыттары, 2100 тонналық тоңазытқыш қондырғысы, 130 тонналық мұздатқышы бар ол КСРО-да екінші орында. 

1958 жылы Гурьев балық өнеркәсібі өндірістік басқармасы болып қайта құрылды.

1974 жылы балық комбинатының жаңа уылдырықты-балық зауыты іске қосылды.

1976 жылдан бастап одақтық маңызы бар өндірістік бірлестік болды, оның құрамына: Атырау кеме жөндеу зауыты, Шортанбай балық зауыты, автобаза, машина-мелиоративтік станция, материалдық-техникалық жабдықтау өндірістік бөлімі, 9 цех және 9 балық аулау колхозы. Жаңа уылдырық цехы мен қуатты крандары бар айлақ салынды. Жаңа уылдырық цехы мен қуатты крандары бар пирс салынды. 9 жүзбелі уылдырық зауыты жұмыс істеді, қаңылтыр банкалар, консервілер, уылдырық, балық өнімдерін шығаратын автоматты және кешенді-механикаландырылған желілер орнатылды. Кәсіпорын бекіре тұқымдас балықтардың әр түрін (қортпа, бекіре, шоқыр) қабылдап, өңдеді. Шағын қаптамадағы уылдырық өндірісі де артты. Комбинат бүкіл елді мұздатылған, кептірілген, қақталған, пісірілген балық, түйірсіз және түйіршікті уылдырықпен қамтамасыз етті. Кәсіпорын балық қалдықтарынан желім, техникалық майлар шығарды.

1997 жылы Ракуша ауылында бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыт ашылды (жылына 3 млн дана). «Атыраубалық» өз өнімдерін Батыс Еуропаға, Таяу Шығыс елдеріне экспорттады.

2013 жылдың 11 қаңтарында облыстық мамандандырылған экономикалық соты «Атыраубалық» АҚ-ын банкрот деп таныды.

8 шілде 2023, 21:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.