Джохар Царнаев.АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - АҚШ полицейлері жорамалды лаңкес, 19 жастағы Джохар Царнаевті қолға түсірді, деп хабарлады РБК NBC News телеарнасына сілтеме жасап.
Бостонда бірқатар лаңкестік әрекет жасағаны үшін күдікті болған ол құқық қорғаушылардың қолына тірідей түсті. Оны ұстауға жүздеген полиция қызметкерлері қатысты. Дж.Царнаев Чарльз өзені маңынан табылды. Ол жағалаудағы үйлердің бірінің ауласында тұрған қайыққа жасырынған. Оны ұстау барысында гранаталар қолданылып, күдікті ауыр жарақат алған. Полиция да, Федералды тергеу бюросы да оған медициналық көмек көрсетілетіндігін айтуда.
Қазіргі уақытта полиция аумақта жарылғыш заттардың бар не жоқ екендігін тексеруде. Сонымен қатар Нью-Бедфорд қаласында лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен екі еркек, 1 әйел қолға түсті.
Еске салайық, Бостон марафоны өтіп жатқан кезде арасына 12 секунд салып, екі жарылыс болды, 3 адам қаза тауып, шамамен 200 адам зардап шекті. Аталған жарылыстарға Солтүстік Кавказ тумалары Джохар Царнаев пен оның ағасы Тамерлан күдікті ретінде танылды. Оқу орнында болған атыс кезінде Т.Царнаев өлтіріліп, інісі қашып кеткен болатын.
Дереккөз: inform.kz