18 сәуірде Атырауда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің «Атырау облысының экологиялық проблемалары, шешу жолдары және қазіргі заманғы технологияларды енгізу» тақырыбында көшпелі отырыс болып өтті.
ІЛІК ТАБЫЛДЫ
Облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ баяндамасында көптеген жағымсыз цифрлар айтылды. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңға сәйкес, апатты жағдайлардың туындауын қоспағанда, алауларда ілеспе және табиғи газдарды өртеуге тыйым салынған. Алайда заңға қосымша актілерде табиғат пайдаланушыларға алауларда газ өртеуге мүмкіндік беретін кемшіліктер бар. Атап айтқанда, 2010 жылы үкімет қаулысымен бекітілген Мұнай операцияларын жүргізу кезінде ілеспе және табиғи газды жағу көлемі мен нормативтерін есептеу әдістемесіндегі «технологиялық жабдықтарды іске қосуда газды технологиялық тұрғыдан болмай қоймайтын кезде алауларда газды өртеу» деген термин ілік боп табылады. Осы тармақтың «арқасында» жылдан жылға «Ембімұнайгаз» ӨФ-ның Прорва кенішінің тобында ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасын жүзеге асыру мерзімі ұзартылады. Мәселе мынада, 2010 жылы «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Прорвадан ілеспе газды дайындау қондырғысын салу және одан «Орта Азия - Центр» магистральды газ құбырына дейін тұрбалар жүргізу жобасын қарастырды. Техникалық-экономикалық негіздеме 2011 жылдың қыркүйегінде дайын болуы, ал құрылыстың өзі 2013 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда аталмыш норманы жамылып, «ЕМГ» Прорва кеніші тобының газын кәдеге жарату бағдарламасын 2014 жылдың аяғына дейін жүзеге асыруды кейінге қалдырды.
Өткен жылдың қыркүйегінде НКОК компаниясы 2013 жылға Атырау облысының құрлықтағы және Қашаған кенішіндегі теңіз кешендеріндегі нысандар үшін атмосфераға тасталатын рұқсат етілген шекті мөлшердегі лас заттар шығарындылары нормативтерінің жобасын мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберген еді.
Компания «технологиялық тұрғыда болмай қоймайтын газды өртеу» терминін қолдана отырып, 287 млн текше метр көлеміндегі газды өртеуге рұқсат беруді өтінді. Жоба теріс қорытынды алып, мұнай және газ министрлігінің 2013 жылға ілеспе мұнай газын өртеуге берген рұқсаты кері қайтарылып алынды.
ШЫҒАРЫНДЫЛАР ЕКІ ЕСЕ КӨБЕЙЕДІ
Ербол ҚуановҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, облыстағы 42 өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығарылатын жалпы лас заттар шығарындылары 118 мың тонна құрайды (оның 64 мыңы ТШО-ның үлесінде). Тазарту құрылғыларында осы көлемнің тек 0,2 пайызы ғана залалсыздандырылған. Біздің облысымыз осы көрсеткіш бойынша елімізде 16-орында тұр.
Соңғы 6 жылда Теңізде нормативтен тыс 720 шығарынды орын алды. Мұнда алауларда 94 мың тонна газ өртеліп, атмосфераға 5 мың тоннадай зиянды заттар тасталды. Экологиялық зиян мөлшері 47 млрд теңге деп бағаланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, Жылыой ауданында 2007 жылмен салыстырғанда 2012 жылы тыныс алу ағзаларының сырқаты 21 пайызға өскен.
Соңғы екі жылда «АМӨЗ» ЖШС-де нормативтен тыс шығарындылар нәтижесінде Атырау қаласының атмосферасына 152 млн теңгеге бағаланатын зиян келтірілген. 2010 жылы Атырауда АМӨЗ бен басқа өндірістік нысандардың қоршаған орта мен халық денсаулығына әсерін кешенді зерттеу жұмысы басталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, бақылау кезеңінде көшедегі ауадан күкіртсутек, күкірт диоксиді мен азот диоксидінің шамадан тыс көп екені байқалды. Күкіртсутек концентрациясы рұқсат етілген мөлшерден 140 есе асып кетті. Бұл тек түнде орын алған.
Қаладағы ауаның ластануына қоқыс орны елеулі әсер етеді. «Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талдау зертханасы» ЖШС-нің өткен жылдың сәуірі мен қыркүйегі аралығында жүргізген зерттеуі рұқсат етілген мөлшердің сынаптың 11 есе, метилмеркаптанның 9 есе, ыстың 156 есеге асып кеткенін тіркеді. Ал 2015 жылға қарай шығарындылар көлемі 2 есеге көбейеді. Бұл Қарабатандағы «Болашақ» зауытының, ТШО-ның 3-буынды зауытының, АМӨЗ-дегі мұнайды терең өңдеу және хош иісті көмірсутек өндіру кешендерінің және мұнай-газ кешенінің іске қосылуымен байланысты. Бұдан басқа, егер Теңізде дәл осы уақытта 2,5 млн тоннадан астам күкірт жинақталған болса, «Болашақ» зауытының іске қосылуымен Қарабатанда 4 млн тонна күкірт жинақталатын болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ