АСТАНА, 18 сәу – Қазақстан жаңалықтары АА. Оралда 2011 жылы болған көктемгі су тасқыннан зардап шеккендерге арнап салынған тұрғын үй төңірегінде дау-дамай шықты. Сол алапат су тасқынынан кейін облыс орталығында 240 пәтерлік бір және 90 пәтерлік 3 үй салынып, халық игілігіне берілген еді. Оралдағы 5-ші ықшам ауданда бой көтерген бес қабатты үйдің бірінің сапасы сыр бере бастады. Қабырғалары жарылып, халық Қарағандыдағы жағдай қайталана ма деп қауіптеніп отыр деп хабарлайды «Хабар» телеарнасы.
Иә, 5-ші шағын аудандағы мына 5 қабатты тұрғын үйге қарап, оны осыдан екі жыл бұрын ғана салынды деп айта алмайсыз. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар осы үйден пәтер алғанда бөркін аспанға атып қуанған еді. Алайда, олардың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Жарылған қабырғаларды көріп, үрейің ұшады. Сол себепті кейбір тұрғындар қаладағы туған-туыстарының үйін паналауда. Барар жер, басар тауы жоқтары амалсыз осында қалған.
Сәуле ЫҚСАНОВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
- Мына балконның үстінен салған перемешкасы дей ме, сол жарылып тұр. Сосын төбе кетіп барады. Қорқынышты әрине, анау түсіп кетсе, анау ұзыннан жарылып, жар былай кетіп бара жатыр.
Айман ӘМІРҒАЛИЕВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
- Мынау деген нән бетон, ладно бір қабатты үй болса екен, ал мынау деген 5 қабатты үй, әрі бетонды ұстап тұра алмайды. Алдайын десең де алдай алмайсың оны. Жақсы халықты алдарсың, жабармыз, бірақ бетонды алдай алмайсың, ол бәрібір ұстай алмайсың.
Бұл үйді жергілікті «Жайықауылқұрылыс» кәсіпорны салған. Жағдайды естіп білген олар жарылған қабырғалардың арасына құрылыста пайдаланылатын көбік құйып кетіпті. Үндемеңдер, бәрін өзіміз қатырамыз дейді. Бұлар көбікпен қатырып жатқанда біз қалай жайымызға қарап, жайбарақат отыра аламыз,-дейді тұрғындар. Аталған құрылыс мекемесінің басшысы да осы маңда жүр екен. Бірақ, одан осы үй төңірегінде қалыптасып отырған жағдайға байланысты мардымды жауап ала алмадық.
Ерденбек РАХМЕТОВ ҚҰРЫЛЫС КӘСІПОРНЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
- Су ағып кеткен подвалға, отоплениені холодно деп суын ағызған... Сосын су толып, ол через канализация арқылы ішке ағызған...
Кезінде үйді қабылдап алған мемлекеттік сараптама кәсіпорнының өкілдері де жауап беруден бас тартты. Сапасыз салғандықтан үй осындай күйге ұшырап отыр. Құрылысшылар өз басының қамын күйттейді, ал, осында тұрып жатқан адамдардың жағдайын кім ойлайды? Ертең үй құласа, кінәлілерді тапқаннан не пайда? Сондықтан бізді қауіпсіз жерге көшірсін деген уәж айтады тұрғындар.
Арман ӨКСІКБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Тиісті мамандардан қатысуымен комиссия құрылады. Қазір біз үйді тексереміз, сосын себебін анықтап, қажетті шараларды қолға алатын боламыз.
Себеп-салдары анықталғанша тұрғындар өз үйлерінде қала тұрады. Тексеру жұмысы қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Дереккөз: newskaz.kz