Бұрынғы Президенттің сақшылары полицейлерді жолдан итеріп, оған сот ғимаратынан шығуға көмектесті. П.Мушарраф көлігіне секіріп мінді. Экс-президент өзінің Исламабад сыртындағы күзеті бар зәулім үйіне бет алды. Естеріңізге салайық, үстіміздегі жылы наурыз айында Пәкістанның бұрынғы басшысы бес жыл қуғында жүргеннен кейін отанына қайтып оралды. Оған дейін ол елге келген жағдайда қамауға алынбайтындығы туралы кепілдікке ие болған: 22 наурызда сот саясаткер түрмеге түспеуі үшін кепіл төлеуге рұқсат етті. Алайда, бүгінгі сот дәл осы уақытша босату мерзімін созудан бас тартты.
П.Мушарраф саяси мансабын жалғастырмақ ниетте елге оралған еді. Ол биылғы жылдың мамыр айында өтетін сайлау барысында «өз партиясына көмектескелі» жатқанын мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, бұрынырақ ол Бүкілпәкістандық мұсылмандық лиганы басқарған.
Алайда, Пешавар қаласындағы сот шешімімен оған 11 мамырға белгіленген сайлауға қатысуға тыйым салынған.
П.Мушарраф өз еркімен президенттік лауазымды тастап кетіп, 2008 жылы елді тастап кеткен, осы уақыт бойы ол Біріккен Араб Әмірліктерінде және Ұлыбританияда тұрып келген. Оның өз еркімен жер аударуына сол кездегі елдің премьер-министрі Беназир Бхуттоны өлтіруге қатысты деп айыпталуы себеп болған.
Дереккөз: inform.kz