Атырау, 10 желтоқсан 22:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Спорт жаңалықтары

3 980 просмотра

Кубокқа зауыт пен әуежай таласатын болады

«Балықшы» ДСК-нде футзалдан Қала Кубогының ойындары өтті.

«Мұнайшы» командасына финалға шығу үшін «АМӨЗ» командасын үш доп айырмасымен ұту керек болатын. Алайда кездесу 4:4 есебімен аяқталып, ақтық сайысқа зауыттықтар шықты. Олармен финалда «Аламан-Цеснабанкты» ұтқан «Аэропорт» командасы жұп құрайды.

Қала Кубогының финалы 21 сәуірде «Атырау» ДCК-нде өтеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Аймақ жетістігі

10 сәуірде АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан Батыс аймақтық чемпионат болып өтті.

Ұтып алған медальдарының саны бойынша 1-орын алған атыраулық спортшылар өте жақсы өнер көрсетті. Өз салмақтарында Бағылан Ләбихан, Мерей Құрманғазы, Расул Сатанов, Елболсын Хайреден, Шыңғыс Демеуов, Әділхан Сағидолла, Бауыржан Шәріп және Нұрсұлтан Әбдіғазы чемпион атанды. «Үздік техникасы үшін» сыйлығын Р. Сатанов иеленді.

Осы «Жайық» спорт кешенінде 6-10 мамыр аралығында осы жастағы жасөспірімдер арасында  Қазақстан чемпионатының финалдық ойындары өтеді, бұған аймақтық жарыстарда 1 және 2-орын алғандар қатысады. Облыс құрамасы салмақ санаты бойынша 20 өкілдің 14-ін жарысқа шығара алады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Облыс намысын Индер қорғайды

«Ривьера» стадионында 2000-2001 ж.т. балалар арасында дәстүрлі облыстық «Былғары доп» турнирі өтті.

1-орынды Индер ауданының командасы, 2-орынды Мақат ауданы, 3-орынды Жылыой ауданының командасы алды. Осылайша, шілдеде Қарағандыда өтетін республикалық «Былғары доп» турниріне облыс атынан индерліктер барады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 

***

 

Толағайлар

1996 ж.т. және одан кіші жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Мақат ауданының ашық біріншілігі болып өтті.

Жарысқа Атырау қаласы және Мақат кентінің жас штангашылары қатысты. Өз салмақтарында Руслан Айтқожин, Асылхан Бисембаев, Аян Шілен, Бекзат Нұрмұханов, Ерболат Жексенбаев, Елдар Бектөле, Батырхан Жайылым, Дастан Қуатов, Фархад Серікқалиев, Жақсыбек Ермекқалиев, Әмір Қосмұрзиев және Константин Сухарев жеңімпаз атанды.

***

 

Тағы да тең есеп

14 сәуірде Өскеменде «Атырау» футбол командасы жергілікті «Востокпен» тең ойнады, есеп - 0:0.

Бес турдан кейін «Атырау» 5 ұпаймен турнир кестесінің 7-орнына орналасты. Келесі турда команда өз алаңында қарағандылық «Шахтермен» күш сынасады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Ардагерді еске алу

«Мұнайшы» спорт кешенінде үлкен теннистен Ермек Есенғожинды еске алуға арналған І қалалық чемпионат өтті.

Е. Есенғожин 1921 жылы Қызылқоға ауданы Қаракөл селосында дүниеге келген, авиация полковнигі болған, Байқоңыр ғарыш айлағының байланыс қызметін 13 жыл басқарған.

4 жас тобында (10 жасқа дейін, 10-12 жас, 12-14 жас және 14-тен жоғары) 50 жас теннисші қатысты. Өз салмақтарында Баубек Жұмабаев, Бибіханым Халидолла, Николай Солодовников, Наталья Ли, Бекежан Жайықбаев, Гаухар Зналиева және Әсел Джумамухамбетова жеңімпаз атанды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Мұғалімдер сайысты 

Боран Нысанбаев атындағы мектепте (Бірлік с.) мектеп мұғалімдерінің спартакиадасы өтті.

Педагогтар округтер бойынша командаларға бөлінді. Волейболдан қала орталығы педагогтар командасы мықтылық танытты, 2-орынды Жұмыскер округі, 3-орынды Қайыршақты алды. Баскетболдан Привокзальный мектептерінің құрамасы жеңімпаз атанса, 2-орын - Дамбы округі, 3-орынды Қайыршақты иеленді. Атудан 1-орынды Балықшы округі, 2 және 3-орындарды тағы да Дамбы және Қайыршақты округтері алды. Тоғызқұмалақтан Жұмыскер округі - 1, 2 және 3-орындарда – Қайыршақты округі мен Привокзальный.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Жақсы бастама

Грек-рим күресінен облыстың жасөспірімдер құрамасы Алматыда Еңбек сіңірген спорт шебері Дәулет Тұрлыханов жүлдесіне арналған престижді халықаралық турнирге қатысты.

Қазақстанның 16 өңірінен келген командалармен бірге турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Белоруссия және Ресей құрамалары қатысты. Атыраулықтардың ішінен Евгений Поливадов (69 келіге дейінгі салмақта «күміс») және Владимир Кан (76 келіге дейін салмақта «қола») (суретте) сәтті өнер көрсетті. Екеуі де 2-БЖСМ шәкірттері.

- Егер Женя Поливадовтың күмісі ойлағанымыздай болса, Владимир Канның (бапкері С. Ким) қоласы біз үшін нағыз сенсация болды, - дейді облыстың аға жаттықтырушысы Рашид Мусин. – Ол турнирдің ең кіші қатысушысы болды және жаттығуды күні кеше бастаған бала еді. Осылайша бастамасы тамаша болды! Алға қарай Евгений Бакуде өтетін халықаралық турнирге қатысады, ал Владимир Дондағы Ростов қаласына жарысқа барады. Сол нәтижелері бойынша олардың Әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын ұлттық құрама сапына ілігулері белгілі болады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

***

 

Астанадан келген көп жүлде

Астанада балалар мен ересектер арасында годзю-рю карате-додан Қазақстан чемпионаты өтті, оған атыраулық «Қайсар» спорт клубынан 17 спортшы қатысты.

Спортшылар туған жерлеріне жеті алтын, алты күміс және екі қола медаль әкелді. Санжар Мұқан, Марат Жаңбыр, Аружан Жаңбыр, Айнұр Боқашева, Өтей Санжар, Альмир Исатаев  және «Қайсар» спорт клубының нұсқаушысы Болат Ізбасқанов чемпион атанды. Күміс жүлдегерлер: Адель Балабаева, Гүлдана Бижанова, Бейбарыс Жаңбыр, Нұрбол Ниетқалиев, Жанболат Сариев, Ақмарал Есқожиева.

Қола Нұрсұлтан Қали мен Нұрхат Есмұраттың еншілерінде.

Спортшыларды «Қайсар» жаттықтырушылар клубының командасы - Сансызбай Торғаев, Болат Ізбасқанов, Алексей Любин, Ольга Айтжанова, Айбат Рахман дайындады.

Анастасия ПАСТУХОВА

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.