17 сәуірде облыстық мәслихаттың ХІІІ сессиясында үстіміздегі жылы 31 наурызда №27 және №31 сайлау учаскелерінде орнынан босатылған депутаттардың орнына сайланған депутаттарды – «АМӨЗ» ЖШС механигі Юрий КУСТАДИНЧЕВ пен «Атамекен Одағы» ҚР Ұлттық экономикалық палатасы филиалының директоры Асылбек ЖАКИЕВТІ таныстырды.
Содан кейін облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ сөз алды. Ол қатысушыларды 20 сәуірге белгіленген көгалдандыру жөніндегі жалпықалалық «Жасыл жапырақ» акциясына белсене қатысуға шақырды.
Әкім облыстық қаржы басқармасының бастығы Бағытжан ЖЫЛҚЫБАЕВТЫҢ «ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша құрылысқа бөлінген 1 млрд 160 млн теңге игерілмей қалды» деген мәлімдемесіне түсінік берді. «Өткен жылы құрылыс материалдарының бағалары асыра көрсетіліп және Құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келмей, жобалау-сметалық құжаттардың көпшілігі сапасыз орындалды. Аталмыш қаржылар осы себепті игерілмей қалды».
Облыстық ревизиялық комиссия төрағасы Нұржан МҰХАМБЕТҚАЛИЕВөткен жыл ішінде облыстағы мал басының әжептәуір азайғандығын айтты. Әкім: «Олай емес. Мал басы азайған жоқ. Тек маған дейін сіздерде цифрларды көбейтіп айтуға әдеттеніп кеткен. Санақ жүргізетін мемлекеттік қызметкерлерді жауапкершілікке тарту керек. Біз қазір қанша мал пышаққа ілініп, қаншасы арам өлген, соның бәрін тексеріп жатырмыз. Қазіргі кезде ен салып, малды сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан да бәрі айқындалуда» деді.
Жылыой ауданында атаулары бірдей елді мекендердің көп екендігі анықталды. Аттас ауылдардың көпшілігінде ешкім тұрмайды, сондықтан оларды жою ұйғарылды. Атап айтқанда, Жем селолық округінің Аққұдық селосы жойылып, оның аумағы сол округтің Тұрғызба ауылының құрамына енгізілді. Қосшағыл селолық округінің Тұрғызба селосы мен Майкөмген округінің Аққұдық селосы таратылды. Сонымен қатар, облыс картасынан тұрғындары Атырау қаласына көшірілген Ескене мен Байшонас ауылдарының атауы өшірілетін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ