Атырау, 1 желтоқсан 22:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Гимнастика жаттықтырушысы Көклан Егеубаева: «8 жаста көп нәрсеге қол жеткізуге болады»

9 226 просмотра

Екі жыл қатарынан атыраулық гимнастшылар республикалық жарыстарда «алтынмен» көзге түсуде. Жетістіктердің сыры неде? Осы тақырыпта көркем гимнастикадан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Көклан ЕГЕУБАЕВАМЕН әңгімелестік.

 

«ЖС» анықтамасы: Көклан (Катя) Егеубаева, 30 жаста, Алматы қаласындағы Спорт академиясының түлегі, Алматы қаласы №11 БЖСМ-нің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы, 2003 жылы Атырауға көшіп келгеннен кейін «Атырау» ДСК-нде топ ұйымдастырды.

- Атыраудан топ жинақтай бастағанда, көркем гимнастикаға жазылғысы келгендер көп болды ма?

- Өте көп болды. Біз топты тез жинап алдық. Кейбіреулерінен бас тартуға да тура келді. Бастапқыда мен жалғыз жаттықтырушы болдым ғой, үш топқа жаттығу жүргіздім.

Бір жылдан кейін Ақтауға, Астрахан және Алматыға жеке сайыстар мен матчтық кездесулерге бара бастадық. Қыздарға жарыс тәжірибесі өте қажет еді. Өкінішке орай, алғашқы жиналған топтан қазір ешкім қалған жоқ. Неге? Балалар қызықтары басылғанша жаттығады. Ал физикалық жүктемелер басталғанда, мұндай жаттығулар бізде өте көп, балалардың шыдамдылығы жетпейді.

Біз топқа қыздарды 4 жастан бастап алуға тырысамыз. Егер бала тұрақты жаттығу жасап жүрсе, 8 жасқа толғанда жарыстарда нәтиже көрсете бастайды. Бізде басқа спорт түрлеріндегідей денсаулық және спорттық жетістіктер деп аталатын екі топ бар. Бірінші топта шұғылданушылар көп – ата-аналар балаларын сымбатты да икемді болып қалыптастыру үшін әкеледі.

2000 ж.т. қыздар тобы үнемі жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл біздің екінші жинаған тобымыз. Іштеріндегі ең жүлдесі көбі – Айдана Шакенова. Ол топқа 8 жасында келді, бірақ үш ай өтпей-ақ Астрахандағы турнирде алғашқы медалін жеңіп алды. Өте талантты қыз.

Ол өткен жылдың қарашасында Шымкентте Қазақстан чемпионы атанды – шеңбермен жаттығуда «алтын» алды. Доппен және күрзімен жаттығуларда күміс иеленіп, нәтижесінде 70 қатысушы ішінде көпсайыстан екінші орынға көтерілді. Осы жылдың ақпанында Алматыда болған Қазақстан чемпионатында ол лентамен жаттығуда «алтын» ұтып, көпсайыста үшінші болды. Наурызда өткен Қазақстан Кубогында лента мен күрзі жаттығуларында «алтын», шеңберде – «күміс», доппен жаттығуда «қола» иеленді. Сондай-ақ, Әйгерім Сахимова, Лаура Бауыржанова, Әзиза Юлдашева, Әсем Бурбаева және Яна Хаметовалар топтық жаттығуларда сәтті өнер көрсетті. Олар шеңбермен жаттығуда күміс медаль, доппен жаттығуда қола медальға ие болды.

Бір-екі күнде барлық команда Астраханға жол жүреді. Олар онда көркем гимнастикадан Бүкілресейлік «Каспийские зори» турниріне қатысады. Одан кейін Павлодарда болатын Қазақстан чемпионатына барамыз.

- Жарыстарға бару сапарларыңызға кім демеушілік жасайды?

- А. Шакенова мен Я.Хаметованың Қазақстан чемпионаттарына бару сапарларын Атырау олимпиадалық резервтерді дайындау орталығы қаржыландырады. Команданың топтық жаттығуларға қатысу сапарларын облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы төлейді. Бізге шетелдерден жарысқа қатысу туралы көп ұсыныстар келіп жатады, алайда бұларға баратын ақша жоқ.

Облыстық көркем гимнастика федерациясы да бізге көп көмектеседі. Федерацияның президенті Әлия Бекқожиева Атырау ашық чемпионатын өткізуге демеушілік етті. Сонымен қатар, біз Әлия Байжанқызынан Айдана Шакеноваға 3 мың Сваров тасымен көмкерілген, атыраулық Қазақстан чемпионына құйып қойғандай шақ келетін гимнастикалық киім алып беруді өтіндік. Мұндай киім 120 мың теңге тұрады.

Біздің секіргіштер, шеңберлер, күрзілер мен ленталар жапондық «Сасаки» фирмасында дайындалады. Шеңбер 10 мың теңге, лента 25 мың, доп 20 мың теңге тұрады. Біз бұлардың барлығын Мәскеуден әкелеміз. Қазақстандағы осындай спорттық құралдар - Қытайда өндірілген.

2014 жылы Қазақстан чемпионатын Атырауда өткізгіміз келеді. ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Екатерина Панченко чемпионатты «мұнайлы астанада» өткізуді көптен бері сұрап жүр. Атырауда бұл көркем гимнастиканың дамуы үшін қозғаушы күш болар еді. Алайда бізде мұндай жарыстар өткізетін гимнастикалық кілемдер жоқ. Өзіміз жаттығу кілемшелері үстінде шұғылданамыз, ал бұл үлкен турнирлер өткізуге мүлдем жарамайды.

Бапкерлердің жетіспеу мәселелерін өзіміз шешеміз. Қазір бізде үш жаттықтырушы бар. Екі гимнастшыны болашақ тренер жұмысына тұрады деген үмітпен дайындап жатырмыз. Жадыра Мағазова келесі жылы мектепті бітіреді және ол АМУ-дің спорт факультетіне түсіп, бізге жұмысқа тұру жөнінде ата-анасымен келісімге келдік. Әсем Бурбаеваға мектеп бітіруге әлі 4 жыл бар. Ол балалармен жақсы тіл табысады. Біз одан болашақта жақсы бапкер шығады деп үміттенеміз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.